ШҚО-дағы апатты үйлерден 46 отбасы көшіріледі 

 Семейде екі және үш қабатты апатты жағдайдағы үйлер сүріледі, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Ал тұрғындарды жаңа пәтерге көшіру жоспарланып отыр. Әзірге тұрғын үй инспекциясының мамандары ескі үйлердің жай-күйін зерделеуге кіріскен.

Есенбек Тоқтасыновтың апатты жағдайдағы үйге қоныстанғанына екі жыл ғана болыпты. Апасымен бірге ауылдан қоныс аударған ол аз уақыттың ішінде іргесі 100 жыл бұрын қаланған үйдің осал тұстарын бес саусағындай біліп алыпты.

Есенбек Тоқтасынов, Семей қаласының тұрғыны:

– Үйді ошақ пешпен жылытамыз. Отын, көмір сатып аламыз. Үй апатты жағдайда деп есептейміз. Іші жылымайды. Ағаш терезелері әбден тозған. Пластик терезелер салғымыз келіп, мамандарды шақырғанбыз. Олар үйдің қабырғалары жарамайтынын айтты.

Майгүл Серікбайқызы, Семей қаласының тұрғыны:

– Мына үйде әрең отырмыз. Өйткені жоқ, жоқшылықтың себебінен, жетіспеушіліктен. Мен өзім баламды тастауға қорқамын. Кішкентай баламды әкелуге шығуға да қорқамын.

Семейде 23 апатты және 20 ескі үй бар. Олардың 10-ы сүрілуге жатады. Бұзылатын үйлердің онына жаңа көпқабатты үйлер салу жоспарланған.

Амантай Өткелбаев, Семей қалалыҚ ТҮКШ бөлімінің басшысы:

– Оның ішінде 46 жанұя бар. 46 жанұяға келешекте сол үйді сүру арқылы баспана беру мәселесін қарастырдық. Сосын инвестор арқылы қазір жұмыс жасап жатырмыз. Олардың өздерінің тарапы бойынша және біздің тарап бойынша. Таяуда бір қорытындыға келетін шығар. Әрі қарай жұмыс солай істеледі.

Ал қоныс аударушыларға бірнеше балама ұсыныс жасалуда. Қаржылай өтемақы, жаңа пәтер немесе өз үйлерінің орнына салынатын жаңа үйлерден пәтер алу мүмкіндігі қарастырылған.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов