СҚО-да сотталғандарды жұмыспен қамту жолға қойылған

Солтүстік Қазақстандағы түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқандар ат әбзелдерін жасайды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Арнайы цехта ер-тоқымнан бастап қамшыға дейін өріледі. Әшекеймен әрленген ат бұйымдары көздің жауын алады.

Дмитрий Бочанцев – жаңылып жаза басқандардың бірі. Ол қарақшылық жасап жеті жылға бас бостандығынан айырылған. Қазір темір тордағы күндерін құр өткізбейді. Тігіншіліктің қыр-сырын үйреніп, еңбек етуде.

Дмитрий Бочанцев, жазасын өтеуші:

– Бұрын бұл іспен мүлдем айналыспағам. Себебі механизатор болдым. Ал қазір мына қабырғада ілініп тұрған дүниелерді өзім жасадым. Осының арқасында қарызымнан құтылып жатырмын. Артылғанын туыстарыма жіберемін.

Өткеніне өкінішпен қарап, келешегін жарқын етуді қалап жүрген жандардың бірі – Сергей Пыхтин. Азамат қайыстан қамшы өріп, жүген де түйеді. Ол үшін тіпті тері илеп, таспа тіледі. Осылайша ол ұлттық қолөнерді меңгеріп алған.

Сергей Пыхтин, жазасын өтеуші:

– Күніне 3-4 қамшы жасаймын. Ең бірінші кезекте былғарыны сулап отыру қажет. Сонда ол тартылып, жақсы өріледі. Кейде білгенімді осындағыларға үйретемін. Жұмыстың арқасында темір тордағы уақытымыз тез өтеді.

Түзету мекесінде ат әбзелдерін жасайтын цехты жеке кәсіпкер Владмир Осипов ашты. Осылайша ол қазақ халқының ұлттық өнерін жаңғыртуға үлес қосып жүр. Қазір мұнда алты адам ер-тоқым, айыл, жүген, қамшы сынды дүниелерді жасайды. Дайын өнім жергілікті сауда орындарында сатылады.

Владимир Осипов, жеке кәсіпкер:

– Сұраныс жоғары. Біз ат әбзелдерін жасап қана қоймай, оларды әшекейлермен әрлейміз. Оның үстіне өнімдеріміз таза былғарыдан жасалынады. Тіпті шетелден келіп сатып алғандар да болды. Ал шикізат- өзіміздікі.

Қазір облыс орталығындағы колонияда 600-ден астам азамат жазасын өтеуде. Олардың жартысына жуығы екі қолға күрек тапты.

Бауыржан Рүстемов, ЕС-164/3 мекемесінің бөлімше бастығы:

– Ең бірінші қарыздары бар адамдар жұмысқа орналасады. Жақсы мінездемесі бар сотталғандар, жұмыс істей алатындар жұмысқа алынады. Біздің мекемеде 154 адам жұмысқа орналастырылған.

Айта кету керек, бүгінде облыс орталығындағы ЕС 164/3 мекемесінде он кәсіпкерлік нысан жұмыс істеп тұр.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев