434,48 496,10 5,67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Ақмола облысында биыл 89 жүргізуші мас күйінде рульге отырғаны үшін сотталды

  • 97
  • UPD: 09:45, 04.12.2021

Ақмола облысында биыл 89 жүргізуші бірнеше рет мас күйінде рульге отырғаны үшін сотталды. Олар 2 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айрылған. Былтыр елімізде осындай жүгенсіз жүргізушілер үшін жаза күшейтілген болатын. Өзін ішімдіктен тыймаған көлік тізгіншілері енді осылай қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Полицейлердің айтуынша, алкоголь ұрттап алып, рульге отыратындар қазір түн мезгілінде ғана емес, күндіз де қаннен қаперсіз жүре беретін болған. Жыл басынан бері осындай 1 жарым мыңға жуық жүргізуші ұсталыпты. Бұл аймақта күніне 4 адам мас күйінде көлік тізгіндейді деген сөз. 

Тәртіп сақшылары жаза қанша күшейтілсе де, жауапсыздық пен жүгенсіздіктің тыйылмай тұрғаны қынжылтатынын айтты.

Бахтияр Сүлейменов, облыстық ПД бастығының орынбасары:

- Өкінішке орай, бізде ішімдік ішіп рульге отыратындар тыйылмай тұр. Биыл 89, ал былтыр 150-ге жуық жүргізуші сотталды. Сондықтан темір тұлпар тізгіндегендерге мұның өте үлкен қылмыс екенін ескерткіміз келеді. Бір қуантарлығы, мас жүргізушілердің кесірінен болатын жол-көлік оқиғасы өткен жылмен салыстырғанда 16 процентке азайды. Ал жол апатынан болатын өлім-жітім 5 процентке төмендеді. 

Бүгінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ішімдік ұрттаған күйі рульге отырып, бірінші рет ұсталған адам 7 жылға дейін көлік басқару құқығынан айырылады. Ал дәл сол жүргізушінің екінші мәрте осындай әрекеті әшкере болса, ол өмір бойына техника тізгіндеу мүмкіндігінен шектеледі де өзі 14 млн теңге айыппұл төлеуге міндеттеледі немесе 5 жылға дейін темір торға қамалады. Жақында ғана түрмеге түскен сондай жүргізушілердің бірі қазір енді өз әрекеті үшін өкініп отыр.

Жазасын өтеуші: 

- Мұндағы ең қорқыныштысы, менің өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айрылуым емес, арақ ішіп рульге отырғаным үшін 3 жылға сотталуым. Қате басқан қадамның соңы осындай орыны толмас өкінішке апаратынын ойламаппын. Сол күні менің мастығымнан көлік апаты да болды. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Ал кісі өліміне сеп болсам не болар еді? Өмір бойы күнә арқалайтын едім ғой. 

Ал халық арасында мұндай бассыздықтың көбеюіне жол-патрульдік полицияның бұрынғыдай көше бойында тұрмауы себеп деген түсінік бар. Алайда тәртіп сақшылары қалай болғанда да заң бұзушылықтар біздің қырағы көзімізден тыс қалмайды, дейді. Себебі жол-көлік қозғалысының қауіпсіздігін күніне 48 патруль қамтамасыз етеді. Одан бөлек жүздеген камера тағы бар. Сондықтан тәртіп бұзған көлік иелері жазадан қашып құтыла алмайды. 

Дамир Берікұлы, Виктор Полянный, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы