Қолөнер бұйымдарына әрдайым сұраныс бар

Қолөнер бұйымдарына әрдайым сұраныс бар

Оралдық кәсіпкер Нұрсұлу Бисманова ағаштан түрлі бұйымдар жасайтын өндірістік желіні іске қосты.

Шағын цехта жасалған ас үй жабдығы мен өзге де қолөнер бұйымдары көпшілік көңілінен шығып отыр. Ол қазірдің өзінде бірнеше адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Келешекте мемлекет көмегін пайдаланып, кәсібімді ұлғайтсам дейді.

Нұрсұлу Бисманова бұрын шағын кітап дүкені болғанын айтады. Бірақ алып-сатумен айналысқаннан кейін уақыт өте келе жеке кәсібін бастауға бел буады. Былтыр ағаштан тұрмысқа қажетті түрлі бұйым жасайтын өндірістік желіні іске қосты. Балқарағай, емен, жаңғақ пен қайың ағашын өңдейтін станоктар сатып алынды. Шеберхананы жалға алған ол қазір 4 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Нұрсұлу Бисманова, кәсіпкер:

– Қандай өніммен айналыссам болады деген сұрақпен 2015 жылы Қытайға бардым. Өзім жеке кәсіп бастағым келді. Сол жақтағы зауыттардың бірінде кәдімгі ағаш кеселерді шығарып жатыр. Осындай дүниені өзіміз неге шығармасқа деген ойға келдім.

Сөйтіп кейіпкеріміз отандық өнім өндіруге ден қояды. Бастапқы бұйымы нан илейтін табақ болса, кейін киіз үй мен оның жабдығын жасайтын жағдайға жеткен.

Дайын өнімнің дені – ас үй жабдықтары. Өйткені ағаштан жасалған ыдыстар тұрмыста кеңінен қолданыла бастаған. Сондықтан сұраныс бар. Туристерге тарту етуге тұрарлық тамаша кәдесыйлар да аз емес. Ұлттық нақыштағы бұйымдарға сұраныс өсті. Сонымен бірге тұтынушы талғамы да артып отыр. Біздің мақсат соған сай болу, – дейді кәсіпкер.

Ақмарал Ахметова, қала тұрғыны:

– Дәстүрге сай ағаш бұйымдары ешқашан қолданыстан шықпайды ғой. Әсіресе, Наурыз мейрамы қарсаңында осындай ыдыстарды іздеп жүремін. Өзіміздің қаламызда ашылғанына өте қуаныштымын.

Нұрсұлу болашақта мемлекет көмегін пайдаланып, кәсібін кеңейтпек ниетте. Облыстық іскер әйелдер кеңесі қолөнер саласындағы кәсіпкерлерді қолдауға дайын. Осы мақсатта нысанды жалға алу құнын төмендету, қолөнер кәсібіне салынатын салық көлемін азайту секілді жеңілдіктер қарастыру ұсынылған.

Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов