Биыл елорда экономикасына 900 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды – Алтай Көлгінов

2021 жылы елорда экономикасына 900 млрд теңгеге жуық жеке инвестиция тартылды.

«Осы жылдың 10 айы бойынша елордамыздың экономикасына 900 млрд теңгеге жуық жеке инвестиция тартылды. Қалаға және қала тұрғындары үшін маңызды бірлескен жобаларды іске асыру инвестициялық кеңестерді, шетелдік әріптестерімізбен, шетелдік компаниялардың өкілдерімен және т.б. кездесулерді өткізуге, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Бүгін Ташкенттің хокимі Жахонгир Артикходжаевпен Жол картасына қол қойып, білім, құрылыс, мәдениет, спорт салаларындағы ынтымақтастық пен жобаларды іске асыру мәселелерін талқыладық. Жаңа жобаларымыздың бірі – керамикалық плиталар зауыты. Құрылыстың өсу қарқынын ескере отырып, бұл жоба бұрынғыдан да өзекті», – деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов өзінің Instagram-дағы парақшасында.

Алтай Көлгінов екі ел басшыларының сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруға, инвестициялық өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, машина жасау, көлік және логистика салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға ерекше назар аударатындығын атап өтті. 

Сонымен қатар кездесуде екі елдің астаналары арасында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу мәселелері талқыланды.