Қостанай өңірі құрылыс қарқыны бойынша екінші орынға шықты

Қостанай облысы құрылыс қарқыны бойынша Қазақстанда екінші орынға шықты. Өңірде жыл басынан бері жаңа нысандарды салу көрсеткіші 25,5 процентке артқан. Бұл туралы Қостанай облысының әкімі брифинг кезінде айтты.

Қостанайдағы «Аэропорт» және «Юбилейный» шағын аудандарының құрылысы аяқталуға жақын. Жуырда тұрғындар қоныс тойын тойлайды. Өңір басшысы атап өткендей, облыс орталығындағы «Қонай» және «Береке» шағын аудандарының құрылысы жалғасып жатыр.

Архимед Мұхамбетов, Қостанай облысының әкімі:

– Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында тұрғын үй мәселесі әрқашан да адамдар үшін басты мәселенің бірі болатыны атап өтілді. Жыл басынан бері біз 25,5 процент өсіммен 387 мың 200 шаршы метрді пайдалануға бердік. Тұрғын үй құрылысына инвестиция 38 процентке өсті. Барлығы 45 млрд теңгені құрады.

Облыс басшысы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы алынатын баспана мәселесіне де тоқталды. Ағымдағы жылы 18 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы бітеді. Келер жылы тағы 30 жобаны тәмамдау жоспарланып отыр.

Архимед Мұхамбетов, Қостанай облысының әкімі:

– Отбасы банкі арқылы да жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Салымшылардың да саны соңғы үш жылда өсті. Қазір 77 мың салымшы бар. Олар сол банкте 40 млрд қаржыны жинап отыр. Яғни, жылына 10 млрд теңге пайдалансақ, алдағы 4 жылға қаржы жеткілікті.

Жалпы, Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде өңірде 60 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілген. Енді Рудный, Лисаковск, Жетіқара және Арқалықта тұрғын үй құрылысын үдету жоспарда. Мақсат – облыс тұрғындарын қолжетімді баспанамен қамту. Мәселен, Рудный қаласында жуырда 300 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталмақ.

Бақыт Топтаева