Алматы облысында өрттен зардап шеккендерге жаңа баспана салынады

Алматы облысы, Талғар ауданында өрттен зардап шеккендерге жаңа баспана салынады. Бұл жөнінде жергілікті билік өкілдері мәлімдеді.

Естеріңізге салайық, 30 қараша күні Төңкеріс ауылында өрт шықты. Тілсіз жау бір шаңырақ астында тұрған 8 отбасын үй-күйсіз қалдырды. Зардап шеккен азаматтардың жағдайын депутаттар да көріп қайтты.

Төңкеріс ауылындағы күл-тамтығы қалған бұл үйдің іргетасы 1953 жылы қаланған екен. Саман кірпіш пен қамыстан салынған үйде 8 отбасы тұрды. Өрт электр сымының қысқа тұйықталуынан болып, алдымен шатырдан шыққан. Жалын тез арада бүткіл ғимаратты қамтыған. Абырой болғанда, сол кезде үйде болған адамның бәрі сыртқа шығып үлгеріпті.

Мәнсия Ержанқызы, ауыл тұрғыны:

– Үйде бала-шағамен отырғанмын. Көршіміз хабарласып, өрт болып жатыр деді. Балаларды алып шығып үлгердім. Төрт балам бар.  Жаңа үй салынып берілсе жақсы болар еді. Төрт баламен туысқандардың үйінде жүрміз. Маған ол өте қиын.

Оқиға болған сәттен бастап Талғар ауданында шұғыл жедел әрекет ету тобы құрылды. Қазір мамандар өртке сараптама жасауда. Ал зардап шеккендер тұрғындардың барлығына аудандық әкімдік және жанашыр жандар мейлінше көмек көрсетіп жатыр. Жағдай мәжіліс депуттарының да назарында.

Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Қазір бір емес, екі-үш компания демеушілермен бірге жұмыс жасап жатыр. Бүгінгі таңда осының барлығының сметалық жобасын көріп, іргетасына дейін алып тастап, толығымен қайтадан салып береді.

Ал жаңа баспананың қандай құрылыс материалынан салынатыны тұрғындармен ақылдаса отырып шешіледі. 

Алмас Садуақас, Әбен Нарынбаев