Қазақстан мен Өзбекстан тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отыр

Қазақстан мен Өзбекстан арадағы тауар айналымын 10 миллиард долларға дейін жеткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24». Қос тараптың сала басшылары мен ірі кәсіпкерлері келер жылға жоспар құрып, тиісті уағдаластыққа қол жеткізді. Бұдан бөлек олар іскерлік кеңес барысында туризм саласын дамытудың жолдарын талқылады.

Өзбекстан еліміздің ең ірі сауда серіктестерінің алғашқы бестігіне кіруі мүмкін. Себебі індет қаупі сейілген сәтте шекаралас мемлекеттер байланысы жандана бастады. Қос мемлекетке Орталық Азиядағы барлық өңірлік сауданың 70%-ке жуығы тиесілі. Соңғы 5 жылда екіжақты сауда көлемі 2 есе өсіп, 2,9 млрд долларға жетті. Ал биыл өзара сауда айналымы 4 млрд доллар болады деп болжанып отыр.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:

– Бүгінгі күні екі мемлекет арасында сауда-саттық көлемі ковидтің алдындағы деңгейге жақындап келе жатыр. Көрсеткіш бұрынғыдан да асады деп сенім білдіріп отырмыз. Және біздің мемлекет басшылары үкіметтердің алдына нақты тапсырма қойып отыр. Арамыздағы сауда-саттықты 10 миллиард долларға жеткізу үшін бүгін мемлекетаралық келісімшартқа қол қойып отырмыз.

Өзбекстанға бізден Мұнай, бидай, ұн, күнбағыс тұқымдары, бейорганикалық химия өнімдері, азық-түлік тауарлары экспортталады. Тиісінше, Өзбекстан энергия тасымалдаушыларды (газды), автомашиналарды, мақта талшығын, химиялық өнімдер мен пластмассаларды, тыңайтқыштарды, жеміс-көкөніс өнімдерін және басқа да тауар түрлерін тасымалдайды. Ал алдағы уақытта транзиттік әлеуетті нығайту үшін жұмыстар жасалады. Теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бойынша шаралар қабылданады.10 айда екі ел арасындағы темір жол тасымалының көлемі 20,5 млн.тоннаны құрады. Өзбек серіктестерімен бірлесіп «Түркістан – Шымкент – Ташкент» жоғары жылдамдықты теміржол жолаушылар қатынасын және «Дарбаза – Мақтарал – Жизақ» жаңа теміржол желісін салу жөніндегі жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жүргізіледі.

Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

– Саудадағы оң динамика Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынастың ықпалынан деп білемін. Экономиканы қалпына келтіруде сауда-саттық маңызды рөл атқарады. Түркістандағы III аймақаралық форумда 600 млн доллардан астам сомаға маңызды келісімдерге қол қойылды. Қазіргі уақытта Қазақстанда өзбек капиталының қатысуымен 1395 кәсіпорын жұмыс істейді.

Екі ел арасындағы іскерлік қатынас кеңес отырысында кеңінен талқыланды. Жан-жақты салаларда берік ынтымақтастық орнату сөз болды. Қос ел Президенттері де арадағы сауда-саттықты 10 миллиард долларға жеткізуді тапсырған. Осы орайда жол, туризм саласында уағдаластық қажет екені айтылды.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы Марат Диханбаев