Атырауда «Боздағын күткен ана» ескерткіші бой көтерді

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Атырау облысына қарасты Мақат кентінде ерекше ескерткіш бой көтерді. «Боздағын күткен ана» деп аталатын бұл туындыны екінші дүниежүзілік соғыста баласынан айырылған аналардың прототипі десе де болады. Ал Сәнді Деңгелбайқызы өмірде болған адам. Кейуана жалғыз ұлын майданнан 30 жыл бойы сарыла күткен. Алайда хабарсыз кеткен жалғызынан бір дерек ала алмастан, 95 жасында өмірден озыпты. Аяулы ананың соншалықты жанкештілігіне куә болған ауылдастары бүгін теміржол вокзалы маңына ескерткіш қойды. 

Бүгінде Деңгелбаевтар әулетінің ақсақалы атанған Орақ қарияның айтуынша, Сәнді апайдың жалғыз ұлы Нәби Махамбетов 1942 жылдың қыркүйегінде әскерге алынған. Кейін Сталинград майданына кірдік деген жалғыз хат келіпті.

Орақ Деңгелбаев, Сәнді ананың туысы:

– Анасына, біздің апамыз Сәндіге 1943 жылдың қаңтарында суық хабар келген. Содан апай 30 жыл бойы сол баласын күтумен жүрді. Ол кезде Орынбордан қатынайтын жалғыз жолаушы пойызы болды. Әскери киім киген адамдар болса қолындағы тәттісін сол солдаттарға таратып, Нәбиім де осылай бір жерде жүрген болар деп жүретін. 

Сол кезден бастап Сәнді апайдың сағынышқа толы күндері басталды. Жалғызынан күдер үзбеген кейуана күнде теміржол жағалап, жол тосумен күн өткізіпті. Осылайша 30 жыл бойы күн құрғатпай вокзалдан табылатын ананың жанкештілігін байырғы теміржолшылар аңыз қылып айтады.

Қуаныш Қазиев, ардагер теміржолшы:

– Бұрынғы вокзалға бес кісі кірсе, алтыншысы сыймай тұратын еді. Ол кісі даладан күтеді. Тауар таситын вагондар болсын, кез келген пойызды күтеді. Жолаушы пойызы болса, кез-келгеннен біздің баланы көрдің бе деп сұраумен бүкіл күні өтетін.

Биіктігі 4 метрлік ескерткіш бейнеде батысқа күн салып телмірген ананың бейнесі сомдалыпты. Ескерткіштің ашылу салтанатына аудан тұрғындары, жастар мен ананың туысқандары жиналды. Қайсар ананың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

 «Соғыс» атты сұрапылға Атырау облысынан 56 мың адам шақырылған. Оның 25 мыңы майдан даласында қалды. Қаншамасы хабарсыз кетті. Бүгінде Атырау қаласынан бастап, әрбір ауданның орталығында осындай ескерткіш белгілер тұр. Бір ғана Мақат кәсіпшілігінің өзінен 1700 адам әскерге алынған екен.

Бүгінде мұнайлы өңірде майдангерлер қалған жоқ. Бірақ оларды еске алу үрдісі жалғасып келеді. 

Сәбит Қаленов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Соғыс деген бір суық сөз ғой. Оның зардабы қорғасыннан да ауыр. Ол қамтымаған ешкім қалған жоқ. Ана баласынан, бала әкесінен айырылды. Бірталай отбасы қара жамылды. Енді қазіргі заманда соларды еске алу, құрметтеу, хабарсыз кеткендерді іздеу жалғасып жатыр.

Келешекте ескерткіш айналасын қоршап, гүлзар орнату жоспарланып отыр. 

Әйелдің ана атанған бірі едім – Мен

Бесікке білегімді сүйедім – Мен

Анаға бала жүрек емес пе еді,

Мен қалай күдер үзем жүрегімнен!

Бұл сөзді ашынбасам айтар ма едім,

Шерімді жұрт алдында шайқар ма едім.

Уа, Тәңір, зар тілегім бір өзіңнен,

Ұлымды аман-есен қайтар менің!, – деп Нәбиін жоқтап зарлаған Сәнді анаға ғана емес, сол сұрапылда боздағынан айырылған ана мен жан-жарын жоғалтқандарға қойылған ескерткіш.

Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Сондай-ақ...