Маңғыстаулық кәсіпкер экзотикалық құс өсірумен айналысады

Бекен Қаржаубаевтың шаруа қожалығы нағыз құс патшалығы іспетті. Мұнда 40 шақты құс түрінен жеті мың қанатты бар, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Африкалық және австриялық түйеқұстарды Ресейден әкелген. 30 жастағы кәсіпкер әкесінің ісін жалғастырып жүр.

Бекен Қаржаубаев, кәсіпкер:

– Тауық, индюк, фазан бөдененің етін өндіреміз және жұмыртқаларды да өндіреміз. Демалыс күндері экскурсия жүргіземіз, қызықтап, тамақтай алады. Өзіміздің құстарымыздан түрлі тағамдар дәм тата алады. Жем, шөп өзіміз өсіреміз. Жоңышқаны өсіреміз.Фермер экзотикалық құстардың еті мен жұмыртқасы пайдалы екенін айтады. Мысалы, түйеқұстікі диеталық ас ретінде спортшылар мен сыртқат жандарға нәрлі болса, бөдененің жұмыртқасы мың ауруға шипа. Сондықтан инкубатор алып, балапан шығаруды қолға алған. Мұнайлы және Ақтаудағы дүкендер мен сауда орталықтарына апарады. Осылайша шаруашылық өңірдегі сұранысты қамтамасыз етуге үлес қосып отыр. Себебі Маңғыстауға құс өнімдерінің 70%-і өзге аймақтардан келеді.

Айсағали Нұғманов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Маңғыстау облысында 731 мың халықты жұмыртқамен қамтамасыз ету үшін 194 млн. жұмыртқа қажет. Экзотикалық «құстар әлемі» Мұнайлы ауданында баламасы жоқ шаруашылық. Тек етті бағытта емес, жұмыртқасын алып жатыр. Жергілікті жерге сөрелерге қойып жатыр. Құс өсіріп отырған ондай мекемелер жоқ. Бұл –туризмді, өңірімізге келген қонақтарды таңқалдырып көрсете алатындай жеке шаруашылық. Одан басқа сәуір айында Түпқараған ауданынынан құс зауыты іске қосылды. Жылына 5 мың тонна етті сату жоспарланып отыр. Басқа өңірде жұмыртқа шығаратын жоқ. Етті бағытта тек.

Маңғыстауда баламасы жоқ шаруашылықты дөңгелетіп отырған шаруа 18 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Шаруашылығында ерекше құстардан бөлек, үй қанаттылары мен қоян бағады. Сондай-ақ этноауыл жобасын да қолға алған. Алдағы уақытта киіз үй санын арттырмақ.

Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев