Қарағандыдағы балалар үйінде шеберханалар ашылды

Қарағандылық балалар үйінің тәрбиеленушілері ерте бастан мамандық таңдап, кәсіптің қыр-сырын меңгермек, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Ол үшін  білімдерін жетілдіріп, тәжірибеден өтеді. Екі бірдей балалар үйінің 190-ға жуық тәрбиленушісі «кәсіптік бағдар» жобасы бойынша оқытылады. Демеушілер балалар  білім алатын сыныптарды жаңа техникалармен жабдықтап берген. Даму мүмкіндігі шектеулі балалар үйінде 133 жеткіншек бар. Олардың әрқайсының алдағы арман-мұраты сан алуан. Мысалы Дмитрий Вилутис болашақта аспаз болуды армандайды. Енді біліктілігін тәжірибе жүзінде жетілдіруге мүмкіндік пайда болғанына қуанышты.

Дмитрий Вилутис, Даму мүмкіндікі шектеулі балаларға арналған балалар үйінің тәрбиеленушісі:

– Аспаздық өнер маған қатты ұнайды. Қазіргі заманда бұл өте табысы мол мамандық дер едім. Әсіресе тәтті тағамдар мен торт өнімдерін пісіргім келеді. Қазір үйреніп алсам, болашақта пайдасы тиеріне сенімдімін.

Райхан Монтайбаева, Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған балалар үйінің тәрбиешісі:

– Әлеуметтік тұрмыстық бағдарлау кабинеті даму мүмкіндігі шектеулі балларға өз бетімен өмір сүріп, қызмет етуге, жан-жақты дамуға арналған кабинет. Қазір ең өзекті мәселенің бірі ғой осылар, кез келген адам қолынан келеді. Үйреніп алса, қосымша ақша табуына болады.

Ал «Таңшолпан» балалар үйінде 63 жеткіншек бар. Бүгін демеушілер есебінен мұндағы бірқатар арнайы сынып жаңа құрылғылармен толықты. Мысалы, тігін шеберханасына жаңа машиналармен қатар үтік және өзге де тұрмыстық техникалар қойылса, ұлдарға арналған шеберхананы жабдықтауға демеушілер 4,5 млн теңгеге жуық қаржы жұмсаған.

Алма Қаңтарбаева, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

– Бүгінгі таңда облыста мемлекеттік 5 бірдей балалар үйі бар. Ең бірінші мәселе ол осы балларды еңбекке баулу, кәсіби бағдар дейміз ғой. Бүгінгі «Аяла» қоры ашқан жоба, ол – бірінші жоба. Жобаға 4 бағдарлама берген, сол біреуін ұтып алған. Сондықтан осы Аяламен жұмыс жалғасады деп ойлаймын.

Қос бірдей балалар үйінде тәлім алатын 190 бала «Кәсіби бағдар» аясында білімдерін жаңа деңгейге көтереріне қуанышты. Ал қайырымдылық қоры алдағы уақытта осындай жобаны елдің өзге де өңірлерінде жалғастырмақ ниетте.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков