Маңғыстауда ауыл тұрғыны спорт клубын ашты

Маңғыстау облысында ауыл тұрғыны бос тұрған ғимаратты спорт клубына айналдырды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Қазіргі уақытта бокс, каратэ-до, дзюдо және еркін күрес үйірмесіне 100-ге жуық бала тегін қатысады.

Бір айта кетерлігі, Мұнайлы ауданына қарасты Қызылтөбе-2 тұрғын үй алабында спортзал мүлдем жоқ. Сол себепті жергілікті азамат нысанды жалға алып, бапкерлерді жұмысқа алған.

Қызылтөбе-2 тұрғын үй алабындағы алғашқы спорт нысаны биыл қыркүйекте ашылды. Мұндағы залдың аумағы 60 шаршы метрден аспайды. Соған қарамастан келетін бала көп. Бұл жерде 3 бапкер жұмыс істейді. Барлығы да жергілікті тұрғындар.

Әсел Шотқара, каратэ-додан жаттықтырушы:

– Жасап жүргенімізге 2 ай болды. Бұйырса, чемпиондар дайындаймыз деген мақсаттамыз. Ата-аналар тарапынан сұраныс үлкен. Оқушылар осы спорт түрін таңдауда.

Кәсіпкер бұған дейін Басқұдық елді мекенінде спортзал ашқанын айтады. Көп ұзамай көрші ауылдан нысанды жалға алып, жас буынның салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасайды. Қазір мұнда 4-18 жас аралығындағы балалар 5 түрлі спорт үйірмесінде тегін жаттығады.

Ақмұрат Түгелбек, спорт клубының директоры:

– Бұл балаларды спортпен қамтудағы мақсатымыз – бұдан да зор аренаға шығарып, спортты дамыту. Спорт саласына өз үлесімізді, өз жетістігімізді қосқымыз келеді. Былайша айтқанда, Қазақстанның спорт саласындағы жетістігін көбейту.

Ауыл азаматының сөзінше, балалар тегін қатысатын жеке спорт клубтарына мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсетіледі. Соның есебінен шағын болса да ғимарат жалдап, жаттықтырушыларға жалақы төлеп отыр. Ендігі мұраты – Мұнайлы ауданының өзге елді мекендерінде тегін спорт үйірмелерін ашу.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев