Елордада 16 мың үлескердің 13 мыңының мәселесі шешілді

Елордада 16 мың үлескердің 13 мыңының мәселесі шешілді
inform.kz

Биыл Нұр-Сұлтанда тағы 57 тұрғын үй құрылысы аяқталады. Сөйтіп бас қаладағы 7 мыңнан астам 500 үлескер-отбасының мәселесі шешіледі, деп хабарлайды «Хабар 24» Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

2022-23 жылдары қалған көпқабатты үйлерді аяқтау жоспарлануда. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді. «Ел басшылығының тапсырмасы бойынша құрылысы ұзаққа созылған нысандардың құрылысын аяқтау бойынша ауқымды, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2019 жылдың жазында 52 нысан-ұзақ құрылыс ретінде есептелген еді, бұл дегеніміз 150 көппәтерлі тұрғын үй кешені. 2019-2020 жылдары біз 33 көппәтерлі тұрғын үй кешенін салып, пайдалануға бердік. 5 мыңнан астам үлескер отбасы ұзақ жылдар бойы күткен пәтерлерін сатып алды».

Шаһар басшысының айтуынша, биыл 57 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталмақ. 2022 жылы тағы 40 көппәтерлі тұрғын үй, 2023 жылы 20 тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Осылайша 2023 жылы елордадағы үлескерлер мәселесін толық шешуді жүзеге асырмақ.

Айта кетейік, елордада сонымен қатар тұрғын үй кешенін жөндеу, апатты және ескі үйлерді бұзу жұмыстары да жүргізілуде.