Келер жылы зейнетақы жинағынан артылған қаржыны қанша қазақстандық ала алады

2022 жылы тек 150 мыңдай қазақстандық зейнетақы қорындағы артық қаражатын тиісті мақсаттарға бағыттай алады, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Бұл арнайы 3 санатқа бөлінген топтың біреуі ғана. Қалған екеуіне зейнеткерлер және зейнетақы аннуитетіне қол жеткізгендер енеді. Ал жалпы осы айтылған 3 санатқа ел бойынша 582 мың қазақстандық кіреді. Бұл туралы «Ошақбаев LIVE» бағдарламасына сұхбат берген Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басқарма төрағасы Жанат Құрманов мәлімдеді.

Еске салайық, елде зейнетақы жинақтарын пайдалануға қатысты жаңа ереже шықты. Соған сай жас шамасына қарай қордағы қаражаттың «жеткіліктілік шегі» өзгертілді. Мемлекет басшысының бұл бастамасы зейнетақы жинақтарын ипотекалық қарызды өтеуге, емделуге және қаржыны сенімді басқаруға беруге бағытталған болатын.

Жанат Құрманов «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы:

– Әдістеме бойынша азаматтардың 3 санаты жинақталған зейнетақы қаражатын пайдалана алады. Бұлар – зейнеткерлер, зейнетақы аннуитетіне қол жеткізгендер және қазіргі уақытта жұмыс істей жүріп, жинақтарын жеткілікті шегінен асырған қор мүшелері. Егер біз тек үшінші санаттағы азаматтар, яғни жинақтарын тиісті шегінен асырғандар туралы айтатын болсақ, олардың саны жыл аяғына дейінгі ереже бойынша 500 мыңның шамасында болады. Келер жылғы жаңа талапқа сай, сол адамдар қатары 150 мыңға қысқарады.