Қазығұрт ауданында көп балалы отбасыларға асар әдісімен баспана тұрғызу дәстүрге айналды

Түркістан облысында ауыл азаматтары бірліктің жарқын үлгісін көрсетіп жүр. Қазығұрт ауданында жалғызбасты ана мен көп балалы отбасыларға асар әдісімен кезектеп баспана тұрғызу ісі дәстүрге айналды. Биыл төртінші үйдің құрылысын аяқтап, табыстауға әзірленген ағайын әлеуметтік нысанды да өз күштерімен тұрғызып жатыр. 

Сабыр Рахымов ауылдық округіне қарасты Майбұлақ ауылына қоныстанған халықтың ынтымағы бекем. Олар асарлату әдісі арқылы жетім-жесірге баспана тұрғызып, ішкі қиындықты бірлесіп атқарып тастайды. Былтыр үшінші топтағы мүгедек жанға қолдау көрсетіп, пәтер кілтін табыстады. 10 жылдан бері тұрмыс тауқыметін көп тартқан жанға қажетті техникасы мен жиһаз-жарағын да түгендеп берді.

Майра Қожабаева, ауыл тұрғыны:

- Осы ағайынның арқасында үйдің бәрін бітіріп берді. Бүкіл ауыл болып жабылып, былтыр үйді тұрғыздық. Бүкіл ауылға рақмет айтамын, алғысым шексіз. Ауыл ағайындарының ынтымағы ажырамасын.

 Бірлігі бекем ағайын биыл үш баламен жалғыз қалған жас анаға арнап дәл осындай үй салуда. Құрылыс аяқталуға жақын қалған баспана тәуелсіздік мерекесі қарсаңында өз иесіне табысталмақ. Қайырымдылықтың қайыры бар деп білгендердің бұл төртінші тұрғызып жатқан үйі.

Әйгерім Жетпісова, ауыл тұрғыны:

- Ойымдағыдай шығып жатыр. Күнде келіп обедін әкеп тастағанда осы кісілер өзіміздің ауылдың адамдары. Бәрін көріп кетемін. Өте жақсы. Құрылысы жақсы жүріп жатыр. Бұйыртса, Құдай қаласа, кіреміз. Осы жаңа жылда жаңа үйге кіріп, бала-шағамызбен қуанышты, жылы үйде отырамыз деп үміттенемін.

Әу баста ауыл ардагерлерінің бұл бастамасын кәсіпкерлер мен жастар бірден қолдады. Нәтижесінде көптің көмегі бүтін бір отбасының қиындығын сейілтіп, жұртқа үлгі болуда.

Ертуған Будинбаев, ауыл тұрғыны:

- Кәрилердің, сосын өзіміздің қалталы кәсіпкерлер бар, жастарымыз бар, үлкені бар, соны ұйымдастырып ұйымшылдықтың арқасы ғой үй салынып жатқаны. Осы Құдай қаласа, ҚР 30 жылдық Тәуелсіздігіне орай кіргіземіз деп отырмыз осы үйге. Бәрі бітіп жатыр көрдіңіздер. Тағы да бірнеше үй салынады деп ойлаймын. 

Ауыл тұрғындары қасиетті мешіт құрылысын да жұрт болып жұмылып бастады. Іргетасы қаланып басталғанда қиын көрінгенімен бір жылда аяқтап, пайдалануға беруге әзірленіп жатыр. Енді Алла үйіне жиналған жамағат бір сапта тұрып, құлшылық ете алады. 

Сағынтай Әбдіманап, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Қазір осыны күйген қыштан соғып, осыны биыл пайдалануға беруге әрекет жасап жатырмыз. Құдай қаласа, осы жаңа жылға дейін немесе Тәуелсіздік мерекесіне дейін осы жерде елдің азаматтары келіп, намаз жұмасын өткізетін болады. 

Өзіңде барды өзгемен бөлісу адамдық қасиеттің ұлысы. Осылайша жақсылық жасауға жаны құмар жандар Ұлттық патриотизмнің қолдаушысы екенін көрсетіп, көпке үлгі болуда.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов