Ауласын тазаламаған кәсіпкерлерге енді айыппұл салынады

Қарағандыда бизнес нысандардың алдын тиісті деңгейде тазаламаған кәсіпкерлерге ескертумен қатар айыппұл салына бастады

Себебі өңірде қар аралас жаңбыр жауып, соңы көктайғаққа ұласқан. Соның салдарынан жарақат алғандардың саны да әдеттегі күндермен салыстырғанда, тәулігіне 40-50 адамға артып отыр. Коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп, тұз аралас құм сепкенімен, 90-ға жуық кәсіпкерлік нысан өкілдері өз ауласындағы жаяу жүргіншілер жолын көк мұздан арылтуға құлықсыздық танытып отыр. Полицейлер мұндай құқық бұзушылық  үшін арнайы әкімшілік жаза қарастырылғанын ескертіп, бір жолға ауызша екінші рет қайталанса айыппұл салынатынын айтады. Оның көлемі шағын кәсіпкерлік үшін шамамен 30 айлық есептік көрсеткіш, яғни 90 мың теңге көлемінде.

Бауыржан Мұхамеджанов, қалалық ПБ жергілікті ПҚ басшысы:

– Қарағанды, Қазыбек би ауданы бойынша 87 объект тексерілді, оның ішінде 35 хаттама толтырылды. Алдыңғы күні күннің бұзылуына байланысты қала бойынша 39 ЖКО болды. Сондықтан жаяу жүргіншілер көлік астына түсіп кететіндей жағдай болмас үшін кәсіпкерлерге қойылған талаптарды уақытылы орындап, міндетін істеуді талап етеміз.