Ашаршылық жайындағы естеліктер жинағы жарық көрді

1928-34 жылдар аралығында болған ашаршылық туралы естеліктер 2 томдық жинақ болып шығарылды. Бүгін бұл кітаптар Парламент Сенатының қабырғасында таныстырылды.

Әрқайсысы бір мың данамен басылған  жинақтар жақын арада ел кітапханалары мен жоғары оқу орындарына жеткізіледі.

Айта кетерлігі, мұндағы материалдардың бір бөлігі бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған. Көптеген анықтама, бұйрық пен қарарлар бүгінге дейін құпия ретінде сақталған. Ғалымдар мен тарихшылар кітаптарды шығаруға қажетті ақпаратты отандық және шетелдік архивтерден жинады. Бұл зерттеулер әрі қарай өз жалғасын табады.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

– Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында қасіретті кезең ашаршылыққа да тоқталып өткен. Сенат осы бағытта біраз жұмыс атқарды. Биыл «1928-34 Ашаршылық. Голод» атты жинақ жарық көрді. Сол жинақтың жалғасы 4-5 томдардың тұсаукесеріне жиналып отырмыз. Тәуелсіздікті нығайтуға өз үлесін қосады деп сенеміз.

Берік Әбдіғалиұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Құжат ол бір бөлек, ал халықтың жадындағы естеліктер ол бір бөлек. Екеуі бір-бірін толықтырады. Ғалымдар жұмыс істеп жүр. Бұрындары газеттерде, журналдарда шыққан естеліктер, ғалымдар экспедицияға барып жинаған естеліктерін бәрін бір жерге жинақтап, шығардық.