«Егемен Қазақстан» мен «Российская газета» серіктестік орнатты

«Егемен Қазақстан» мен «Российская газета» басылымдары өзара серіктестік орнатты. Бүгін екі газет осындай келісімге қол қойды. Құжат екіжақты ақпарат және тәжірибе алмасуға мүмкіндік бермек. 

Қазақстанға мейман ретінде келген Ресейдің бас газеті бұдан былай біздің елдегі жаңалықтарды тек «Егемен Қазақстан» басылымынан ғана алып отырады. Айта кету керек, көршілес елдің бұл газеті миллиондаған тиражы бар медиахолдинг.

Дархан Қыдырәлі, «Егемен Қазақстан» АҚ басқарма төрағасы:

– «Российская газетаның» бірінші басшысы келіп отыр. Бұл біздің елімізге қызығушылық танытып отыр деген сөз. Екіжақты келісімге келмес бұрын, мәселе алдын ала талқыланды. Ендігі уақытта аталған ресейлік басылым Қазақстанда болып жатқан жаңалықтарды біз арқылы тікелей ала алады. Тиісінше көрші Ресейде болып жатқан жайттарға біз «Российская газета» басылымы арқылы жедел қол жеткізе аламыз.

Павел Негоица, «Российская газета» басылымының бас директоры:

– «Егемен Қазақстан» газетімен жасалып жатқан қадам – бұл серіктестік келісім. Яғни өзара ақпарат алмасу және бір-бірімізден үйрену мақсатын алға қойып отырмыз. Біз мұнда келмес бұрын бір жыл ақпараттық зерттеу жүргіздік. Қазақстанның бас басылымы – ғасырлық тарихы бар газет. Айтары да, жазары да мол. Екі елдің бас газеттері бір-бірімізден тәжірибе алмасатын боламыз.