Министр: Өрт сөндіру бекеттері жетіспейді

Шалғайдағы кей елді мекенде өрт сөндіру бекеттері жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ірі қалаларда орналасқан деполардың ұзын саны 400-ден асады. Тең жарымы ескі ғимаратта орналасқан. Оның 20-сы апаттық жағдайда. Бұл туралы Үкімет сағатында белгілі болды. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің мәліметі бойынша жалпы жыл басынан бері елімізде 8 жарым мыңнан астам өрт дерегі тіркелген. Тілсіз жаудан 335 адам зардап шегіп, 280-ні көз жұмды. Өрт сөндіру қызметін жетілдіру мақсатында республика аумағында 127 депо салу қажет. Сондай-ақ елді мекендерде 210 өрт сөндіру бекеті жетіспейді. Өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша жүргізілген тексерістердің нәтижесінде 99 мыңға жуық ереже бұзушылық анықталды. 16 мыңнан астам жеке және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бір мыңнан астам нысанның жұмысы тоқтатылған.