Ақмола облысында он жылдың ішінде 34 ауыл картадан жойылған

Ал облыстағы ауылдарды дамытуға биыл 20 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Оның басым бөлігі бюджет қаражаты болса, шамамен 15 проценті кәсіпкерлердің үлесі, деп хабарлайды Хабар 24.

Бұған біраз елді мекендерде жолдар жөнделіп, әлеуметтік нысандар қалыпқа келтірілген. Баспаналар салынып, ауылдың басқа да кем-кетігі түзелді, - дейді жергілікті билік өкілдері. Дегенмен өркениеттен жұрдай ауылдар да жоқ емес.

Тәуелсіздік жылдары түлеген елді мекендердің бірі – Зеренді ауданындағы Еленовка ауылы. Қазір мұнда 1 мыңнан астам халық тұрады. Жергілікті жұртшылық соңғы жылдары жолымыз жөнделіп, су тартылды. Мектеп ғимараты қалыпқа келтіріліп, жаңа өндіріс ошақтары іске қосылды, - дейді. Нәтижесінде мұнда қоныс аударғысы келетіндер көбейген.

Жәнібек Ысқақов, Еленовка ауылының тұрғыны:

– Алыс ауылдық жерлерден бәрі осында келіп жатыр. Чистополье жақтан, Арықбалық жақтардан. Жаман емес, жақсы. Мешіт салынайын деп жатыр. Халық оны өз қаражатымен өздері салып жатыр. Сол енді жақсылықтар болып жатыр. Жақсы барлығы.

Тайлақ Жұмағалиев, ауыл әкімі:

– Бұл Еленовка ауылында 10 шақты ЖШС бар, 12 шаруа қожалығы бар. 6 дүкен бар. Мінекей, бір дүкен жаңадан салынып жатыр. Келесі жылы 7 дүкен болады. Ауыл гүлденіп, жақсарып жатыр. Халыққа жұмыс табылуда. Кірпіш зауыты жаңадан салынып жатыр. 

Бірақ ауылдың бәрі Еленовка секілді емес. Мәселен, қазір облыстағы 600-ге жуық елді мекеннің 40 шақтысы жабылу алдында тұр. Оларда халық саны 50 адамнан аспайды. Ал соңғы 10 жылдың ішінде өңірде 34 ауыл картадан жойылып, 12 мың адам қалаға көшіп кеткен. Жергілікті билік өкілдері болса, мұны урбанизациямен байланыстырады. Әйтпесе, ауылға көңіл бөлінбей жатқан жоқ, - дейді, олар.