loader


Қостанай облысында мал басы көбейді

Биыл құрғақшылыққа қарамастан Қостанай облысында мал басы өсіп, жылқы саны бір жыл ішінде 10 процентке көбейген, деп хабарлайды Хабар 24.

Асыл тұқымды мал үлесі де артып келеді. Сондай-ақ биыл мал шаруашылығын дамытуға мемлекет қазынасынан 8 млрд 2 млн теңге бөлінген.  Науырзымдық шаруа Сержан Алдажұмановтың  шаруашылығында 200-ден астам ірі қара бар. Негізінен асыл тұқымды қазақтың ақ бас сиырлары. Өткен жылдары бес жүзден астам малының жартысына жуығы бруцеллезге ұшырап, пышаққа іліккен еді. Сондықтан зеңгі баба тұқымын мың жарым басқа дейін көбейтуге мүмкіндігі болса да, ондай тәуекелге әзірге барғысы жоқ. Екі жылдық тайынша, қашарларының өзі 500-келіге дейін тартатын қазақтың ақ бас тұқымына сұраныс жоқ емес бар. Еттей де, тірідей тиеп алып кетіп жатады дейді. Бірақ шаруаны қынжылтатыны малтерісінің ысырап болып жатқандығы.

Сержан Алдажұманов, шаруа қожалығының басшысы:

– Екі жыл болды малдың терісі өтпейді. Бағасы болса, бір малдың терісі 500 тенге бола ма? Алдында жылқының терісі 15 мың теңгеге шейін барып тұрды. Содан кейін білмеймін не болғанын.Экспорт жапқаннан кейін мал терісі өтпей қалды бізде.

Ал қарамеңділік Ринат Ахметов етті «Москалев» және «Абердин Ангус» тұқымды ірі қара бағады. Ол мал басын асылдандырумен 2017 жылдан бері айналыса бастаған. Бүгінде мал басының саны155-ке жетті.

Шаруаның айтуынша, ауылда төрт түлікті өрбітіп, табыс табуға болады. Ең бастысы оған ынта-ықылас керек.

Ринат Ахметов, шаруа:

– Адамның ұмтылысы,талап-ниеті болмаса, жұмыс өнбейді. Онда мемлекет бөліп жатқан субсидияның желге ұшқаны деп білем. Мен өзім 20 жыл Алматыда тұрдым. Бірақ үлкен мегаполисте өзімді таппадым. Сосын ауылға оралып, ата кәсіппен айналыса бастадым. Бұл кәсіп өзіме ұнайды, жаныма жақын.

Жалпы Науырзым ауданында жүзден астам жеке кәсіпкер мал шаруашылығымен айналысады. Мұндағы төрт кәсіпорын асыл тұқымды шаруашылық дәрежесіне ие. Соның бірі Раздольный ауылында.

Вахид Гарашов, шаруа қожалығының басшысы:

– Менде тек етті Әулиекөл тұқымды малдар. Жәй ірі қара шамамен 170-180 келі ет беретін болса, біздікі 280 келіден кем түспейді. Тірідей тайыншалардың келісін 1200 теңгеден өткіземіз.

Науырзымда соңғы жылда ірі қара, ұсақ мал 5 процентке өссе, жылқы 10 процентке көбейген және бұл салада алдағы бірнеше инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ.

Евгений Ярошенко Науырзым аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы:

– Бізге биыл Түркістаннан инвесторлар келді. Олар бір кезде мың бас мал ұсталатын бордақылау алаңын салмақшы. База, қоймаларын қалыпқа келтірген соң тұрғындардан мал сатып ала бастайды. Ал ол жерде жайылым, шабындықтан тапшылық жоқ.

Аудан бойынша биыл 60 мың тонна шөп дайындалған. Жергілікті мамандар бұл азық қоры төрт түліктің қыстап шығуына толық жетеді деп отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг

Сондай-ақ...