Оралда ассенизатор қызметі екі есеге қымбаттады

Кәріз құдығындағы қалдық суды сорып алу үшін 8 мың теңге сұрайды, деп хабарлайды Хабар 24.

Бұрын бұл қызметтің ақысы төрт мың теңгеден аспайтын. Бұған қаланы сумен қамтитын мекеменің Исатай батыр көшесіндегі төгінді станциясын жауып тастауы себеп болған. Жүргізушілер сорылған лас суды Зачаган кенті аумағына апаруға ұзақ уақыт және жанармай көп жұмсалады,- дейді. Бірақ сала мамандары мұнымен келіспейді. Коммуналдық кәсіпорын апаттық жағдайдағы кәріздік сорғы станциясына түсетін жүктемені азайту үшін төгінді станциясын уақытша жаба тұруға мәжбүр болған.

Ассенизатор көлігінің жүргізушісі:

– Біз амалсыз алысқа баруға мәжбүрміз. Сол себепті шығындарымыз да көбейеді. Біз бағаны әлі де көтереміз. Себебі қыс маусымында шығындар да өсе түседі ғой.

Арман Кенжебаев, сумен қамту кәсіпорны директорының орынбасары:

– Бағаны екі есеге дейін көтеру негізсіз деп есептеймін. Қаладағы төгінді станциясының орнына Зачаган кентіне апару үшін небары 12 шақырым артық жүреді. Соған бола қызмет құнын екі есе арттыру артық. Қазір кәріздік сорғы станциясын қалпына келтіріп жатырмыз. Әзірге қосымша бір сорғы қойдық. Егер бәрі дұрыс болса, апта соңына қарай бұл станцияны да іске қосамыз.