Елордада «Парыз» конкурсының жеңімпаздары марапатталды

Қазақстан астанасында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі жыл сайынғы республикалық «Парыз» конкурсының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

ЭКСПО конгресс-орталығында өткен іс-шараға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, премьер-министр Асқар Мамин, ҚР Парламентінің депутаттары, республиканың орталық мемлекеттік органдары мен кәсіпорындарының басшылары қатысты, деп хабарлайды ҚР ЕХӘҚМ баспасөз қызметі.

Конкурс 4 номинациядан тұрады: «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын», «Үздік ұжымдық шарт» және «Экологияға қосқан үлесі үшін», олар бойынша «Ірі кәсіпкерлік субъектісі» және «Шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі» санаттарында бірінші, екінші және үшінші орын иегерлері анықталады.

Биыл алғаш рет 2020 жылы құрылған «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» арнайы сыйлығының иегерлеріне марапаттар табысталады.

Биыл конкурсқа қатысуға 440 ұйым өтінім берді, оның ішінде 169-ы ірі кәсіпкерлік субъектісі, 271-і  орта және шағын кәсіпкерлік субъектісі.

«Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациялары бойынша – 230 өтінім, «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациялары бойынша – 73 өтінім, «Үздік ұжымдық шарт» номинациялары бойынша – 65 өтінім, «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациялары бойынша – 52 өтінім, «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» арнайы сыйлығы – 20 өтінім.

Конкурстың қорытындысы бойынша құрамына орталық мемлекеттік органдардың басшылары, ҚР Парламентінің депутаттары, бизнес және кәсіподақтардың өкілдері кірген республикалық комиссия 28 жеңімпазды анықтады: 2 Гран-при иегері, 24 лауреат атағы иегері және «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» арнайы сыйлығының 2 иегері.

Ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында гран-приді Батыс Қазақстан облысының «Қарашығанақ Пертолеум Оперейтинг Б.В.» компанияларының консорциумы жеңіп алды. Орта және шағын кәсіпкерлік субъектілерінің ішіндегі ең үздігі Ақтөбе облысынан «ПО Глобал-Спецодежда» ЖШС болды.

«Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясында ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында: Ақтөбе облысынан «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС, Алматы қаласынан «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС және Шымкент қаласынан «Химфарм» АҚ, орта және шағын кәсіпкерлік субъектілері арасында: Солтүстік Қазақстан облысынан «Бредун» КТ, Ақмола облысынан «Ақбұлақ-Агро» ЖШС және Жамбыл облысынан «ССС» ЖК лауреаттар атанды.

«Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясында ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында Жамбыл облысынан «ЕвроХим-Тыңайтқыштар» ЖШС, Қызылорда облысынан «KAP Technology» ЖШС және Нұр-Сұлтан қаласынан «NAK Construction» ЖШС, орта және шағын кәсіпкерлік субъектілері арасында Ақмола облысынан «Камаз-Инжиниринг» АҚ, Шығыс Қазақстан облысынан «Л-ТВК» ЖШС және Солтүстік Қазақстан облысынан «Целинное-2004» ЖШС лауреаттар атанды.

«Үздік ұжымдық шарт» номинациясы бойынша ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында Шымкент қаласынан «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС, Шығыс Қазақстан облысынан «Үлбі металлургия зауыты» АҚ және Павлодар облысынан «ERG Service» ЖШС, ал орта және шағын кәсіпкерлік субъектілері арасында: Нұр-Сұлтан қаласынан «Ақмола вагон жөндеу зауыты» АҚ, Солтүстік Қазақстан облысынан «Молсервис» ЖШС және Жамбыл облысынан «Шу-Строй Сервис» ЖШС лауреаттар атанды.

«Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясында ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында Қостанай облысынан «Варваринское» АҚ, Алматы қаласынан «Alina Group» ЖШС және Атырау облысынан «Сичим Казахстан» ЖШС лауреаттар атанды. Орта және шағын кәсіпкерлік субъектілері арасында лауреат атанғандар: Ақмола облысынан «HEVEL KAZAKHSTAN» ЖШС, Қостанай облысынан «Атамекен 4 плюс» ЖШС және Алматы қаласынан «Kazakhstan Waste Recycling» ЖШС.

«Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» арнайы жүлдесін ірі кәсіпкерлік субъектісі «Тоталь Е энд П Дунга ГмбХ» компаниясының Маңғыстау облысындағы филиалы және орта және шағын кәсіпкерлік субъектілері санатынан Ақтөбе облысынан «Аслан» ШҚ алды.

Байқау жеңімпаздарына тиісті дипломдар мен айырым белгілері (мүсіншелер) берілді. Конкурс лауреаттары осы атақ берілгеннен кейін үш жыл ішінде конкурс эмблемасын жарнамалық мақсатта пайдалану құқығына ие болады.

Естеріңізге сала кетейік, 2008 жылдан бастап «Парыз» конкурсына 6 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі қатысты, 330-дан астам кәсіпорын лауреат атағына ие болды.

Бас жүлде корпоративтік әлеуметтік және экологиялық жауапкершілік қағидаттарын іске асыруда және жұмыста неғұрлым жоғары нәтижелерге қол жеткізген үміткерлерге беріледі. Гран-при иегерлері: 2008 жылы – «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС, 2009 жылы – «Торғай Петролеум» АҚ, 2010 жылы – «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, 2011 жылы – «Теңізшевройл» ЖШС, 2012 жылы – «Қаз ТрансОйл» АҚ, 2013 жылы – «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ, 2014 жылы – «Қазгермұнай» БК» ЖШС, 2015 жылы – «Самұрық Энерго» АҚ, 2016 жылы – «АқсайГазСервис» АҚ, 2018 жылы – «Қазмырыш» ЖШС, 2017 және 2019 жылдары – «Еуразиялық Топ» ЖШС.