«Алтын сапа» байқауының талаптары өзгереді

«Алтын сапа» байқауының талаптары өзгереді. Келер жылы ол тек Индустрия және цифрландыру элементтері бар кәсіпорындарға берілуі мүмкін. Бұл – сапаны бақылаудың еуропалық стандарттарына көшудің алғышарты. Ал өңдеу өндірісіндегі өзекті мәселе – шикізат жетіспеушілігі «Өнеркәсіп туралы» жаңа заңмен реттеледі. Құжат Парламентте қаралып жатыр. Бұл туралы Президент «Алтын сапа» сыйлығын табыстау рәсімінде айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев шараға бейнебайланыс форматында қатысты.

Алтын сапа байқауы кейінгі 15 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Ал биылғы конкурстың мән-маңызы ерекше. Себебі, ол Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы уақыт аралығында мәртебелі марапатты 160-қа жуық компания иеленді. Солардың бірі – «Агрофирма TNK» серіктестігі. Ақмола облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеумен айналысады. Бүгін «Үздік инновациялық жоба» аталымында жеңіске жетіп отыр. Екі мың адамнан тұратын ұжым үшін бұл - үлкен жетістік. Ең алдымен сыртқы нарыққа өнімді молынан жеткізуге сеп болады. Қазірдің өзінде компания өңделген өнімнің 70 процентін экспортқа жіберіп жатыр. Жарма өндіру зауытын да толық цифрландырды.

Батырбек Уәлиев Кәсіпкер, «Алтын сапа» сыйлығының иегері:

– Осы марапаттан үлкен ештеңе жоқ. Осыны сырттағы серіктестерімізге көрсету біз үшін үлкен көмек болады. Екіншіден өзімізде істеп жүрген адамдарға да көмек.

Ал «Парыз» сыйлығы биыл шағын кәсіпорындар арасында қордайлық ұжымға бұйырды. Сәрсебек Салыбаев басқаратын компания ауданда талай ілкімді істерді атқарды. Әсіресе, пандемия кезінде мұқтаж жандарға көмектесіп, 12 баспана салып берді. Емдеу мекемелерін ИВЛ аппараттарымен де қамтамасыз етті.

Сәрсебек Салыбаев, кәсіпкер, «Парыз» сыйлығының иегері:

– Жамбыл облысында агротуризмге арналған шаруа қожалығын саламыз. Спорттық сауықтыру орны да салынып жатыр. Ағайындарға үй салуға да көмектестік. Қордайдың жігіттерімен барлығын ұйымдастырып, ИВЛ аппарат және 120 төсек-орын алып бердік.

ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІНІҢ ЭКОНОМИКАДАҒЫ ҮЛЕСІ 13% ЖЕТТІ

Жалпы «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығы – бизнеске көрсетілетін үлкен құрмет. Бұл марапатты иеленгендер отандық өнеркәсіпті алға жылжытқан болып есептеледі. Егемендік кезеңінде Қазақстанда бизнестің дамуына жан-жақты жағдай жасалды. Соның нәтижесінде жаңа заманға сай кәсіпкерлер шоғыры қалыптасты. Ал индустрияландыру жайлы айтар болсақ, соңғы 10 жылда өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы үлесі тау-кен саласынан асып, жалпы көрсеткіште 13 пайызға жетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бүкіл ел бойынша 1500 жаңа өндіріс іске қосылды. Бұл мақсатқа 9 триллион теңгеден астам инвестиция жұмсалды. 220 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Былтыр өңдеу өнеркәсібінің экспорты 3 есе өсіп, 15,4 миллиард долларға жетті. Қазақстанда өңделген өнімдер бүгінде 131 мемлекетке экспортталады.

ӨНЕРКӘСІП САЯСАТЫ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАНАДЫ

Дегенмен, отандық бизнес өңдеу саласында әлі де өзекті мәселелермен кездеседі. Шикізат өндірісі дамығанымен, соған қолжетімділік тиісті деңгейде емес. Қойнаудағы қазына көбіне тікелей шетел асады. Өңдеуші кәсіпорындарға шикізат жетпей жатады. Осы мәселені шешу үшін «Өнеркәсіп саясаты туралы» заң қабылданбақ. Қазір құжат Парламентте қаралып жатыр. Келер жылы «Алтын сапа» байқауының талаптары да өзгереді. Цифрландыру және индустрия элементтері бар кәсіпорындар алдыңғы қатарға шығады. Бұл ретте сапа халықаралық үлгілер мен тәжірибеге сай болуы қажет.

Олжас Ордабаев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:

– Сапаны басқарудың еуропалық қорының жаңа моделі бізге де еніп жатыр. Кәсіпорындар бұл модельді тереңінен түсініп келеді. Соған сай жоғары стандарттарды енгізеді. Тіпті бизнесін одан әрі дамытуға мүмкіндік алады.

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ ЫНТАЛАНДЫРУ ШАРАЛАРЫ ПЫСЫҚТАЛАДЫ

Индустрияландыру үдерісін тежейтін тағы бір фактор – кадр жетіспеушілігі. Өнеркәсіп саласында білікті мамандар жоқтың қасы. Ал мемлекет 2025 жылға қарай 500-ге жуық индустриялық жобаны іске қосуды жоспарлап отыр. Үкімет өндіріс орындарында жұмыс істейтін білікті кадрларды осы бастан дайындауы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бүгінде мемлекет жұмыс берушілерге нақты қолдау көрсетіп отыр. Жұмыс орнында оқыту, «Ұрпақтар келісімшарты» және «Алғашқы жұмыс орны» сияқты жас мамандарға қолдау көрсету шаралары іске асырылуда. Мемлекет тарапынан тиісті субсидиялар қарастырылған. Дегенмен әлі де жеткіліксіз. Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, жұмыспен қамтуды және қызметкерлердің біліктілігін арттыруды ынталандыруға бағытталған қосымша шараларды пысықтауы қажет.

КӘСІПКЕРЛЕР ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚҚА 20 МЛРД ТЕҢГЕ ЖҰМСАДЫ

Биылғы «Парыз» байқауына қатысушылар әлеуметтік жобаларға және қайырымдылық шараларға 20 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсаған. Олар 7 мың жаңа жұмыс орнын ашқан. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысындағы Цилинное ауылында жергілікті шаруа қожалығы өлкенің дамуына ерекше көңіл бөлуде. Жылу қазандығын жаңартып, оны биоотынмен тұрақты қамтып келеді. Серіктестікте жұмыс істейтін еңбеккерлер шипажайларға жіберіледі. Зейнеткерлер де назардан тыс қалмайды.

Серік Ыбыраев, кәсіпкер, «Парыз» сыйлығының иегері:

– Ауылдағы мәселелерді өз бетімізбен шешіп келеміз. Еңбеккерлер, яғни ауыл тұрғындары тұрақты жалақымен қамтамасыз етілген. Биыл мұғалім, дәрігерлерге үй салып бердік.

Президент кәсіпкерлерді өнімдерін тек ел нарығына емес, сырт мемлекеттерге де экспорттауға шақырды. Ол үшін «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығы табысты жұмыс істеп тұр. Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанмен де трансшекаралық хабтар қалыптасқан.

Рауан Мыңбаев, Жандос Битабаров