БҚО-ның үздік компаниялары «Алтын сапа» және «Парыз» байқауларында марапатталды

Батыс Қазақстан облысында «Алтын сапа» және «Парыз» байқауында 4 бірдей компания үздік атанды.

Жеңімпаздарды марапаттау елордада өтті. Үздіктер сапында өндірістік мақсаттағы және халық тұтынатын тауарлар шығаратын кәсіпорындар бар. Бағы жанғандар «Парыз» байқауының мүсінін де өңірге ала келмек.

Айта кету керек, Алтын сапа байқауы өткізіле бастаған 15 жылда 150 шақты отандық компания Президент сыйлығын иеленді.

Биыл «Алтын сапа» байқауына қатысуға 9 кәсіпорыннан өтініш түскен. Аймақтық турдан сүрінбей өткен 5 компанияның екеуі президент сыйлығын иеленді.

Нұржан Мақсотов, БҚО кәсіпкерлер палатасының директоры:

– «Кублей» ЖШС бұл тұрғындарға үздік тауар өндіру номинациясы бойынша және Мұнай-газ жабдықтары ЖШС халыққа үздік қызмет көрсету бойынша марапатталды. Бұл президенттік конкурс болғаннан кейін бұларға қойылатын талаптар өте қиын болды.

Оралдық тағы бір кәсіпорын «Кемел іскерлік» аталымында үздік атанды.

Айта кету керек, бұл аталған компанияның мәртебелі байқаудағы алғашқы жетістігі емес. Өткен жылдары да «Алтын сапа» және «Парыз» байқауларының жеңімпазы атанған еді.

Александр Капустин, Орал сауда өнеркәсіп компаниясының өкілі

– Бұл – біздің даму үдерісіміздің жаңа кезеңі. Қазір қайта өндіріс пен өңдеу көлемін бірнеше есеге арттырдық. Биыл пластмасса және полиэтилен бұйымдарын қайта өңдейтін жаңа цехты іске қостық. 

«Парыз – 2021» республикалық байқауының ең жоғарғы Гран-при жүлдесін КПО би.ви. компаниясы иеленді. Байқау лауреаттарын бейнеконфереция арқылы құттықтаған президент елімізде бизнестің дамуына барлық жағдай бар екенін атап өтті.

Жұмагелді Батырниязов, облыстық Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы:

– Орал сауда өнеркәсіп компаниясына «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қолдау көрсетілді. Ал «Кублей» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі проценттік мөлшерлемені субсидиялау және 6 проценттік несие алу арқылы мемлекет көмегін пайдаланып отыр.

Кәсіпкерлер – ұлттық экономиканың басты қозғаушы күші, – дейді салтанатты рәсімге қатысушылар.

Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов