Қызылорда облысында ауыз су мәселесі толық шешілді

Қызылорда облысы Сырдария ауданында ауыз су мәселесі толық шешілді, деп хабарлайды «Хабар 24». 2013 жылдары ккі күннің бірінде құбырлар істен шығатын. Кейде тіпті бір күнде  2-3 сағат қана су берген күндер де болған екен.

Зейнеткер Зайдағали Жүсіпбайұлы бала шағында құдықтан тіршілік нәрін тасып ішкен күндерді еске алды. Ал тоқсаныншы жылдары көшедегі жалғыз калонкадан су алу үшін қыста бүрсеңдеп, жазда күнге күйіп, сағаттап күтетінбіз, – дейді. Ал соңғы сегіз жылдан бері тереңөзектіктер мұндай бейнеттен құтылған.

Зайдағали Жүсіпбайұлы, Тереңөзек кентінің тұрғыны:

– Суымыз 24 сағат ағып тұр. Әр үй қазір осындай жағдайда десем, өтірік айтқаным емес. Өйткені құбырлар, мұнаралар ауыстырылды, бәрі жаңадан салынды.

2013 жылға дейін аудандағы су жүйлерінің тек 10 проценті ғана жарамды күйде болған. Екі күннің бірінде құбырлар істен шығатын деп еске алады мамандар. Тіпті бір тәулікте 2-3 сағат қана су берген күндер де болған.

Дәуіржан Нұрсейітов, Топтық су құбыры бөлімшесі бастығының м.а.:

– 2013 жылдан бастап «Ақбұлақ» бағдарламасымен кент бойынша 2 мың 400 үйге су тартылды. Сол 2013 жылдан бастап кент бойынша 24 сағат су бердік. Содан кейін 2014, 2015, 2016 жылдары 13 елді мекен бар, кентпен 14, соларға уақытпен беретін едік. Қазір енді құбырдың бәрі жаңартылды.

Нұржан Омаров, Сырдария аудандық ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

– 2015-2020 жылдар аралығында республикалық, облыстық, аудандық бюджеттен  1 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, су жүйелерінің құрылғылары, тағы басқа жөндеу жұмыстарына құрылғылар ауыстырылып жаңғыртылды.

2013 жылдан бері Сырдария ауданындағы 440 шақырым су жүйесі, 16 су жинайтын резервуар мен 18 су мұнарасы толық жаңаланған. Ал биыл мемлекеттен бөлінген 144 миллион теңгеге Жетікөл ауылындағы су жүйесі қайта жаңғыртылды. Осылайша Сырдария ауыз су мәселесі толық шешілген облыстағы бірден бір ауданға айналды.

Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов