ШҚО: Қатонқарағайда қоныс тойы көбейді

 

Шығыс Қазақстан облысындағы шалғай аудандарда қоныс тойын тойлаушылар қатары артты. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қатонқарағай ауданында 34 отбасы жаңа баспанаға кірді. Олардың басым көпшілігі – көпбалалы аналар мен апатты үйде тұрып келгендер. 

Дәл бүгін аудан орталығында 20-дан астам пәтер жұрт игілігіне берілді. Арасында Шидычтардың көпбалалы отбасы да бар. Олар туралы осыдан алты ай бұрын бейнаматериал көрсеткен едік. Өз үйлерін су басып, жарамсыз болып қалғандықтан, олар бірнеше жыл бойы сыз басқан саман үйде тұрып келді. Тыл ардагері Валентина Макосова қартайған шағында суық үйде қалтырап отырған. Енді, мінеки, кең әрі жылы баспанаға кірді.

Орталықтандырылған су жүйесіне қосылған, жуынатын бөлмесі жабдықталған, жарқыраған үй. Ескі үйде әбден ауырып, мазасы кеткен балалар да енді бақытты, әжей де риза.

Валентина Макосова, тыл ардагері:

–  Үй жып-жылы, ең бастысы немерелерім қуанып жүр. Бұдан артық не керек. Бәріңе рахмет, денсаулықтарың мықты болып, армандарың орындалсын.

Үш бөлмелі пәтерде балаларға да, үлкендерге де орын жетеді. Ең бастысы, бұрынғыдай сыз басып, көк иіс шықпайды.

Наталья Шидыч, Үлкен Нарын ауылының тұрғыны:

– Болашақта бөлмелерге түсқағаз жапсырып, сәнін кіргіземін. Есік алдына қора-қопсы салып, бау бақша егеміз.

Осылайша қазір Үлкен Нарынның шетінде жаңа бір шағын аудан пайда болды. Бұл жерде балалар алаңы да қарастырылған.Келесі жылы жол салынып, көше жарықтандырылады. Жалпы ауданда құрылыс қарқыны жақсы.

Ділдар Қалиқан, Қатонқарағай ауданының әкімі:

– «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында салып берілген үйлерің шаршы метрі 140 мың теңгеден шығып отыр.Осы жоба келесі жылы да жалғасын табады деген,біз быилы жылы өтініштер түсірген болатынбыз. Ендігі жылы бізде қатонқарағайда 24 пәтерлі 3 қабатты үй құрылысы басталады. Бұны да толық бітіріп кезекте тұрғандарға таратылатын болады.

Жуық арада тағы 20 баспана қолданысқа беріледі. Осылайша жыл соңына дейін ауданда 80-нен астам отбасы қоныс тойын тойлайды.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов