Павлодарда «Аңсаған сәби» дүниеге келді

«Аңсаған сәби» бағдарламасымен квота алған павлодарлық отбасы тұңғыштарын дүниеге әкелді, деп хабарлайды Хабар 24.

Ерлі-зайыптылар он жыл бойы сәби сүюді армандаған екен. Сөйтіп мемлекеттік бағдарлама арқылы бедеулікті экстракорпоральдық әдіспен жеңіп отыр. Дүниеге шекесі торсықтай ұл келді. Алдағы уақытта тағы 100-ден аса отбасы дәл осылай қуанышқа кенеледі дейді дәрігерлер. Облысқа бөлінген 290 квотаның 103-і оң нәтижеге берген. Бүгінгі күні екі отбасы үшем, тағы үш отбасы егіз бала күтіп жүрсе, 28 ерлі-зайыптының нәтижесі таяуда белгілі болады. Жалпы бала сүйе алмаған ерлі-зайыптыларға облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанындағы «Ана мен бала» денсаулығын қорғау бөлімі көмектеседі. Олар үшін «Аңсаған сәби» бағдарламасы бар.

Естеріңізге сала кетсек, бағдарлама биыл Президенттің тапсырмасы бойынша басталды. Тағы бір айта кетерлігі, Павлодар облысы бойынша жасанды жолмен бала сүю кезегінде 800-ге тарта отбасы тұр.

Гүлнәр Жармакина, ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің жетекшісі:

– Біз бүгінгі таңда бағдарламаны толық аяқтадық.  Жақсы нәтижелеріміз бар. Қарашаның 14-де «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша Павлодарда алғашқы сәби дүниеге келді. Салмағы 3 келі 600 грамм, бойы 52 см. Есімі Мирон. Біз бұл ақпаратты беруге асықпадық. Өйткені ана мен баланың толық қалпына келгенін күттік. Қазір нәресте мен бақытты ананың жағдайы жақсы деп толық сеніммен айта аламыз.