Арқа өңірі тұрғындары аяздан қалай сақтануы керек

Арқаға қызылшұнақ аяз жетті. Бүгін Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола өңірлерінде күннің ызғары 20 градустан асты, деп хабарлайды Хабар 24.

Қазгидрометтің болжауынша, алдағы күндері одан әрі суытып, cынап бағаны 30 градусқа дейін төмендейді. Ал елде үскірік басталмай жатып, ауруханаға түсіп жатқандар бар.

Ертіс өңіріне қатты аяз келе қойған жоқ. Саршұнақ аяз болса да, бұл әуесқой балықшыларға кедергі емес. Қармағын сайлап, өзенге келетіндер жетерлік. Бір күнде 50-ден астам балықшы жиналуы мүмкін. Балықшылар үшін бұл сүйікті іс болса, құтқарушылар үшін нағыз қауіптің өзі. Себебі аязға дайын болмаған әуесқой үсіп қалғанын немесе суық тиіп қалғанын білмей қалуы мүмкін. Осы жолы мұз үстінде жатқан шамамен 40 жастағы азамат табылды. Әуесқой балықшы ессіз күйінде бірнеше сағат жатып қалған.

Дәрігерлердің айтуынша, ағзаға суық тигізу үшін +10 градус та жеткілікті.

Райымбек Қашкенов, бірінші санаттағы құтқарушы-сүңгуір:

– Мұздың үстінде екі адамнан топтасқан жөн. Біреуіне көмек керек болса, мамандарды шақыру үшін. Жылы киім, палатка мен құтқару құралдары болған жөн. Суықтан зардап шегу оқиғаларын тіркейміз, әрине. Қауіпсіздік шараларын күшейтіп, тәуліктік кезекшіліктеміз. Хабар түссе, бес минуттың ішінде оқиға болған жерге жетеміз.

Ыстық шай, құрғақ киім және жылы көрпеге орау. Бұл – суық тиіп қалған адамды құтқаруға бағытталған бастапқы әрекеттер. Жағдай күрделенсе, медицина қызметкерлерін шақырту қажет. Кейін ем-дом шаралары жүргізіледі.

Мамандардың айтуынша, суық тиігізіп алу үшін санаулы минуттар жеткілікті. Сонымен қатар далада бірнеше сағат жүрген адам үсіп қалғанын сезбеуі де мүмкін.

Игорь Колесниченко, апаттар медицинасы орталығы облыстық филиалының дәрігері:

– Медицинада суық тигізудің екі түрі бар. Біріншіден, жалпы салқын тию, яғни ағза температураның 34 градусқа дейін төмендеуі. Бұл өмір үшін қауіпті. Екіншіден, дененің белгілі бір бөлігінің үсіп қалуы. Мәселен, аяқ-қолы тоңып қалуы мүмкін. Осындай жағдайда адамды жылдам жылыту керек. Алдымен шай беріп, киімін ауыстыру керек. Көмектеспесе, дәрігерге қарату қажет.

Қыс басталғалы бері қалалық аурухананың күйік бөлімшесіне бес адам түскен. Барлығы суықта ұзақ уақыт қалып қойған. Абырой болғанда, жағдайлары орташа, өмірлеріне қауіп жоқ.

Асхат Мүрсәлімов, қалалық №1 ауруханасы күйік бөлімінің дәрігері:

– Қатып қалу, қызару, жеңіл қышу сезілсе – бұл үсудің бірінші дәрежесі. Екінші дәрежеде тері суланады. Терінің астында қанды сұйықтық жиналады. Ал төртінші дәрежеде тері қоңыр түске айналып, ағзаның үсіген бөлігі жансызданады. Бұл ең ауыр түрі. Өкініштісі осындай жағдайлар да кездеседі. Біз үсіген дене бөлігін ампутациялауға мәжбүрміз.

Дәрігерлердің айтуынша, қиын жағдайға тап болғандардың басым бөлігі – тұрғылықты жері жоқ адамдар. Аязды күндері ішімдікке бой ұрғандар да осы санатта. Үсікке шалдықпау үшін қарапайым сақтық шараларын ескерген жөн. Жылы киіну мен суықта ішімдік ішпеу сол қарапайым ережелердің негізгілері. Аязды күндері алыс жолға шықпаған да жөн.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат