425,02 450,91 6,80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Шымкентте көпқабатты үй тұрғындары газ баллонын пайдаланып отыр

  • 106
  • UPD: 11:47, 08.12.2021

Себебі қала аумағында осындай 31 үй табиғи газға қосылмаған. Жұрт мұның қауіпті екенін білсе де, арзан болған соң электрден көрі осыны жөн көреді, деп хабарлайды Хабар 24.

Төтенше жағдайлар қызметі осыған алаңдаулы. Апат айтып келмейді. Десе де қарапайым сақтық шараларын сақтамаудың салдары қара жамылуға жеткізуі мүмкін. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қауіптің алдын алып, тұрғындарды қайғылы жағдайдан сақтануға шақырып жүр. Себебі мегаполисте 31 көпқабатты үй табиғи газға қосылмаған. Электрлі тұрмыстық техниканы қолдануы тиіс тұрғындар газ баллонына бейімделіп алған.

Бахадүр Расулов, қалалық әл-Фараби аудандық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы:

– Тұрғындармен сөйлесу барысында әркім әртүрлі уәж айтады. Кейбір тұрғындардың негізгі уәжі қазіргі таңда электр жарығы газ бағасына қарағанда қымбат. Сондықтан біз электр жүйесін емес, газ құрылғыларын пайдаланып, газ баллонды пайдаланамыз,- дейді.

Жатақхананы жалдап тұрған бұл жастар да техникалық қауіпсіздік шараларынан хабарсыз болып шықты. Мамандардың ескертуінен кейін ғана естідік дейді. Ал бойжеткен мына қыздың газ баллондарына ешқандай шағымы жоқ. Керісінше, арзан әрі қолайлы деп есептейді.

Жадыра Әбдіхалық, қала тұрғыны:

– Көшіп келгеннен бері осы жерде газ баллон осы жерде тұр. Осы жерде пайдаланамыз. Өздері тола газ баллонды алып келіп береді. Біз босын беріп жібереміз. Өзіміз барынша мұқиаттылықпен пайдаланамыз. Ешқандай шағымымыз жоқ.

Газ мөлшерін шамадан тыс толтыру қысымның сығымдалуын арттырады. Сөйтіп салқын дала температурасынан жылы бөлмеге әкелгенде жарылу қаупі туындайды. Сондықтан мамандар бұл істі тек сенімді сала жауаптыларына тапсыруға кеңес береді.

Мұрат Аңғарәлиев, газ құю станциясының қызметкері:

– Әрбір баллонды тиянақты тексереміз. Құюында өзінің 85% бар. Сол нормасын құямыз. Таза болғаннан кейін оған пломба қоямыз. Контролерлар бар өздерінің. Тексеріп оны жинаймыз. Ол болғасын келген клиенттерге сол баллонды артып береміз. Ал кейбір жерлерде өздері құйып алады. Артық құйылады. Артық газ жылы жерге барғаннан кейін көтеріледі қысымы. Кейін баллонның шамасы келмей жарылып кетуі мүмкін. Оны түсінбейді көбісі.

Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары газды пайдалану бойынша бақылау жүргізе алмайды. Тек қауіптің алдын-алу үшін түсіндірме жұмыстарымен шектеледі. Сондықтан сақтанғанды сақтайды деген қағаз жарнаманы әр тұрғынға таныстырып жүр.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов

 

 

 

Хабар 24 телеарнасы