Төтеншеліктер Қарағанды тұрғындарын қыстың қытымыр аязынан сақтануға шақырады

Қарағандылық төтенше жағдай қызметі жолға шықпас бұрын хабарламаларға құлақ асып, ережеге жүгінуді ескертеді, деп хабарлайды Хабар 24.

Айнала ақ ұлпа, қас қарайған шақ, сарышұнақ аяз көтеріліп келеді. Көлігіңіз болса, көтерем сиырдай қарда тұрды да қалды. Жақын маңайда тірі жан жоқ. Мұндай жағдайда не істемек керек? Мамандар – тосын жайға үйден дайындалып шығу керек екенін айтады.

Бұдан бөлек көлікте міндетті түрде кәдімгі шамның бірнеше данасы болғаны абзал. Ол көлік өшіп қалған жағдайда, ішкі температураны ұзақ сақтап тұруға ықпал етеді екен.

Аркен Зәрубаев, облыстық ТЖД бас құтқарушысы:

– Қазір заман дамыған кез ғой. 112-ден хабарлама келеді, болды шықпау керек. Мен өзі үй-іші, туысқандарға да осыны айтамын. Қазір соған қарап сену керек, олар өтірік айтпайды. Шыққан күнде бензині мол, жылы киім, шам алу керек.

Мамандар сәуір айында да үсік шалғандар болғанын айтады. Жалпы биыл суық түскелі бері 15 адам үсіп қалған, оның үшеуінің үсік шалған мүшесін кесіп, алып тастауға тура келген.

Ерік Шонбаев, Х.Мақажанов атындағы облыстық травматологиялық орталықтың бөлім жетекшісі:

– Ешқашан үсіген жерді алып жылыту үшін ыстық суға салуға болмайды. Керісінше, жылы қолғап киіп, бөлме температурасында жылыну керек. Кейін қатты тоңған адам ыстық шәй немесе кофе ішкені абзал. Бірінші ішкі ағзаны жылыту пайдалы. Содан кейін уақыт оздырмай дәрігерге қаралуы керек.   

Абылайхан Жақыпов бала кезден әкесінен көлік жөндеуді үйренген. Бүгінде  қаладағы ірі техникалық орталықтың бірінде қызмет етеді. Өз кезегінде ол да алыс жолға шықпас бұрын темір тұлпардың бірқатар бөлшегін мұқият қарап шығуға кеңес береді.

Абылайхан Жақыпов, көлік жөндеуші:

– Мотордың майы, дөңгелектің желі, қысқы дөңгелек болуы керек әрине. Антифриз, қысқы, жазғы майлар болады, маусымды техникалық байқау ғой, оны ауыстырып отыру керек. Сұйықтықты ауыстырған жөн.

Дәрігерлер былтыр 300-ге жуық адам үсік шалып, емханаға қаралғады. Арасында қайтыс болғаны да бар. Адамдар көбінесе мас күйінде жүріп үсігенін білмей қалады екен. Ал синоптиктер орталық өңірде ертең сынап бағаны 25 градусқа дейін төмендейтінін айтады.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев