Қазақстанды әлемдік қауымдастыққа танытқан спортшылар

2000 жылдың 15 қыркүйегі мен 1 қазаны аралығында Австралияның Сидней қаласында ХХVІІ жазғы Олимпиада ойындары өтті, деп хабарлайды Хабар 24.

Дүбірлі додада Қазақстан спортшыларының асығы алшысынан түсті. Айталық, бокстан Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ыбырайымов, жүгіруден Ольга Шишигина олимпиада чемпиондары атанды. Ел спортшыларының үздік жетістіктері Қазақстанды әлемдік қауымдастыққа танытуда маңызды рөл атқарды.

МӘДЕНИЕТТІ ҚОЛДАУ ЖЫЛЫ 

2000 жылы «Мәдениетті қолдау жылы» деп жарияланды. Осыған сәйкес, Үкімет мәдениетті қолдау жылын өткізетін, құрамында белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жазушылар бар мемлекеттік комиссия құрды. Ер түріктің бесігіне баланатын Түркістанның 1500 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде тойланды. Салтанатты шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен қатар түркі мемлекеттерінің басшылары да түгелдей қатысты. «Мәдениет жылы» асында киелі шаһардағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен бастап, көптеген мәдениет және сәулет ескерткіштері күрделі жөндеуден өтті.

ҚАНДАСҚА ҚАРАЙЛАСҚАН КҮН   

2000 жылдың 28 желтоқсанында Президент Нұрсұлтан Назарбаев мыңдаған адамға Қазақстан Республикасының азаматтығын беру туралы Жарлыққа қол қойды. Тұтастай алғанда,10 мыңнан астам адам осындай құрметке ие болған. Атажұртқа қоныстанған азаматтардың басым бөлігін Моңғолиядан еңбек келісімі бойынша келген отандастар толтырды. Дәл осы жылы елімізде алғаш рет гендерлік саясат мәселелері талқыға түсті. Бірқатар ЖОО-да гендерлік саясат курстары енгізіле бастады.