Қолыңыздағы ұялы телефоныңыз тыңшы емес пе

Қалтаңыздағы телефон өзіңізге жау болып шықпасын. Өйткені гаджеттерге жеке ақпарат енгізуден қорықпайтын болдық, деп хабарлайды Хабар 24.

Жақындарымыздың телефон номері, мессенджердегі хабар алмасу хаттары, фотосуреттер мен видеожазбалар, маңызды құжаттардың электрондық нұсқалары –бәрі де смартфонда сақтаулы. Енді осы ақпаратарды қара ниетті өзгенің пайдаланбасына кім кепіл? Адамның қолын ұзартқан, жансыз серігі тыңшы болып шықпасын деген сауалға арна тілшісі жауап іздейді.

Мирлан Алтынбек, тілші:

– XXI ғасыр қорқыныштарының қатарына «монитор фобиясын» да жатқызуға болады. Бұл әдетке шалдыққандар көбіне ноутбук пен смартфонның алдыңғы бейнекамерасын жапсырмамен жауып қояды екен.

Осынау үрдісті алғашқылардың бірі болып «Мета» компаниясының негізін қалаушы Марк Цукерберг бастап берді. Оның бұл әрекетіне көпшілік бастапқыда шекеден қараса, кейін аз-кем цифрлық сауаты барлар Марктан үлгі алуды жөн көрді.

Олардың қатарында «Хабар 24» арнасының тілшісі Біржан Уәлиев те бар. Ол да смартфонның беткі камерасын үнемі жауып жүреді. «Сақтықта қорлық жоқ» дейді.

Біржан Уәлиев, тілші:

– Негізі телефонымызда жасанды зият бар. Оған түсетін әр ақпаратты құрылғы өздігінше өңдеп отырады. Кез келген хакер қатты қаласа, смартфоныңызға қашықтан кіре алады. Менің ойымша, гаджеттегі микрофондар мен бейнекамераларға сенім жоқ. Өйткені олар әркез жұмыс істеп тұруы мүмкін. Құпиялыққа ешкім 100 процент кепілдік бере алмайды.

Расымен, камераны жаптық делік. Ал түймедей саңылауы бар микрофонды қайтеміз. Оны жапсақ, телефонмен сөйлескен кезде тұтқаның ар жағындағы адам даусымызды естімей қалады. Аңғарған шығарсыз. Телефон арқылы танысыңызбен белгілі бір тақырыпта әңгімелесіп болған соң, әлеуметтік желідегі парақшаға кірсеңіз, бірер минут бұрын сөз болған затыңызға қатысты жарнама топ етіп шыға келеді. Білгіштер талай мәрте тәжірибе жүргізген. Эксперимент нәтижесі жаға ұстатады.

Бұрын-соңды мысық тағамын алмақ түгілі мұрнына иісі бармаған америкалық азамат бұл тәжірибесінен кейін әлеуметтік желідегі парақшасына кірсе, шынымен мысықтарға арналған тағамның жарнамасын көріпті. Кейін белгілі болғандай, микрофонға жазылған оның даусы қосымша арқылы мәтінге айналған. Артынша жүйе кілтті сөздермен сәйкестендірген. Қолданушы туралы ақпаратты рұқсатсыз әрі жасырын түрде тарататын осындай қосымшалар жетерлік. 2018 жылы Оксфорд университетінің ғалымдары смартфондағы бағдарламалардың 90 процентінде кем дегенде 1-2 компанияның есептеуіш құралы барын анықтады. Сол жылы интернетте жарнама нарығы айналымының көлемі 283 млрд АҚШ долларынан асқан болатын. Ал қазақстандық нарықтағы көрсеткіш былтыр 21 млрд теңгені құрапты.

Олег Бородулин, Орталық Азия жарнама қауымдастығының сарапшылық комитет мүшесі:

– Қауымдастық деректеріне сүйенсек, биыл жарты жыл ішінде жарнама нарығының барлық саласы бойынша көлемі 27 процентке өсті. Әсіресе радио мен интернеттегі сегмент көш бастады. 38 және тиісінше 35 процент. Тұтынушыны нысаналы түрде табуға болады. Интернеттің артықшылығы осыда. Әр ғаламтор алаңында есептеуіш және бағалау жүйесі бар.

Тақырыптық форумдар мен интернет-дүкендерде парақша ашу арқылы жеке ақпарат қалдырушылар көп. Құпия болуы керек мағлұматты әккілер өзіңізге қарсы пайдалануы мүмкін. Хакерлер де мұндай мүмкіндікті құр жібермейді.

Иван Филько, киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшы:

– Әлемде болып жатқан барлық киберқылмыс көбіне адами факторға негізделген. Алаяқтар белгілі бір қосымшаны жарнамалау үшін «қомақты қаражатқа ие боласыз немесе ұтыс жеңімпазы атануыңыз мүмкін» деп құрығын салады. Адамдар қосымшаны қондырған кезде әккілер автоматты сұраныс жүйесі арқылы қолданушының камерасына, микрофонына қол жеткізеді. Ізінше операциялық жүйе өзіңіз рұқсат берген функцияларды бөгде қосымшаның қолдануына жол ашады. 

Сондықтан дер кезінде қауіптің алдын алу керек. IT мамандар құрылғы бағдарламаларын ұдайы жаңартып отыруға шақырады. Жаңа өнімді тек ресми дүкендерден жүктеген дұрыс. Қондыратын қосымшаңыздың талаптарымен де алдын-ала танысып алған жөн. Талабы тым көп болса, дереу бұғаттау қажет.

Авторы: Мирлан Алтынбек, Әлішер Нақыпов, Артур Горшняков