Түркістан облысында мал ұрлығымен айналысқандар ұсталды

Оңтүстік өңірде мал ұрлығы тыйылмай тұр. Түркістан облысында жұрттың адал малын ұрлап сатқан екі бірдей қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Хабар 24.

Күдіктілер Ордабасы мен Арыс ауданының тұрғындарына 18 млн теңге  шығын келтірген. Тәртіп сақшылары 5 баукеспеден құралған топты кезекті жедел іздестіру шарасы кезінде қолға түсірді. Олардың бірі – бұрын мал ұрлағаны үшін сотты болған Шымкент қаласының тұрғыны екен. Қалғандары бір-біріне туыс болып келетін Ордабасы ауданының тұрғындары. Бүгінге дейін күдіктілер 26 бас жылқы ұрлаған. Малды сойып, етін базарға өткізіп отырған. Қылмыстық топтан «Газель» маркалы автокөлігі мен 2 бас жылқы айғақты зат ретінде тәркіленді. Сондай-ақ етті сатып алып отырған әйел де ұсталды. Дәл осындай мал ұрлығымен айналысқан үш адамнан құралған екінші қылмыстық топ Арыс ауданында қолға түсті.

Құрманбек Сахов, облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары:

– Олар жылқыларды жайылымда атып алып, сойып, етін Шымкент қаласындағы базарларға өткізіп отырған. Айғақты зат ретінде «БМВ» маркалы автокөлігі мен 16 калибрлі аңшы мылтығы тәркіленді. Келтірілген шығын 7 млн 600 мың теңге. Қазір Қылмыстық кодекстің 188 бабы, мал ұрлығы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.