Алдағы мерекелер эпиджағдайдың нашарлауына жеткізбеуі тиіс – Сархат Бейсенова

Алдағы мерекелер эпиджағдайдың нашарлауына жеткізбеуі тиіс – Сархат Бейсенова
Елорда әкімдігі

Нұр-Сұлтан қаласы 26 қазаннан бастап эпиджағдайды бағалау матрицасы бойынша «сары» аймақта.

Алайда дәрігерлер мен эпидемиологтар жұртшылықты сақ болуға және карантиндік шектеулер мен санитарлық нормаларды сақтауды жалғастыруға шақырады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Қазақстанның Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 24 қыркүйектегі қаулысы негізінде салтанатты, естелік, отбасылық іс-шараларды, оның ішінде банкеттерді, үйлену тойларын, мерейтойларды «сары» аймақта 50%-ға дейін, бірақ 70 орыннан аспайтын жерде өткізуге рұқсат етіледі. Келушілер мен мекеме қызметкерлері арасында тек «жасыл» статустың болуы міндетті шарт болып саналады.

Қалалық әкімдікте өткен онлайн-брифинг барысында елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова қала тұрғындарын алдағы мерекелерді шағын отбасылық ортада өткізуге шақырды.

«Қаланың «сары» аймақта болуы ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің тиісті қаулыларымен белгіленген, бұл карантиндік шектеулерді сақтау қажеттілігін еске салады. Алдағы мерекелер эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына және коронавирустық инфекцияның көбеюіне әкелмеуі керек және бұл біздің сақтық шараларын сақтауымызға тікелей байланысты. Сондықтан қала тұрғындарын жаңа жылды туыстарымен бірге шағын ортада қауіпсіз күйде атап өтуге шақырамын», – деді ол.