Еліміздегі металл өндіретін іргелі компания «Парыз» байқауының жеңімпазы атанды

Экономика мен экологияны ұштастыра білген. Еліміздегі металл және тау-кен өндірісі саласының үздігі «Полиметалл» компаниясы биыл «Парыз» байқауында топ жарды, деп хабарлайды Хабар 24.

Компания «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымында жеңімпаз атанды. Мәртебелі марапат іргелі ұжымға жаңа белестерді бағындыруға тың күш сыйлағаны анық.

«Полиметалл» – металл өндірісі мен тау-кен саласындағы көшбасшы компания.  Ірі өндіріс орны ел экономикасының дамуына үлес қосып қана қоймай, экологиялық мәселелерге жіті көңіл бөліп келеді. 2030 жылға қарай ауаға тарайтын улы газдардың көлемін 30 процентке қысқарту  алдағы межелі міндеттің бірі. Қазір бұл бағытта кешенді жоспар жасақталып, нақты шаралар қолға алынды.

Әбдірахман Исаев, «Варваринское» АҚ басқарушы директоры:

– Бүкіл әлем экологиялық мәселелерді шешуге күш салып жатыр. Біз де ең озық технологияларды қолдануға тырысамыз. Біз әрдайым өз қызметкерлеріміздің ұсынысын, пікірін тыңдауға дайынбыз. Яғни экологияға қатысты мәселелерді шешудің сан түрлі жолын қарастырамыз.  

Компанияның қоршаған ортаны қорғауға бағытталған ілкімді істері мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. Биыл «Полиметалл» «Парыз» байқауының «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымында жеңімпаз деп танылды. Бұл мәртебелі байқаудағы алғашқы жетістік емес. Бұған дейін де ұжым түрлі номинацияларда топ жарды.

Әбдірахман Исаев, «Варваринское» АҚ басқарушы директоры:

– Қазір карбон фермасын салу туралы ой бар. Сондай-ақ жаңартылған энергия көздері бойынша жаңа жобаларды іске асырамыз. Әрине ауқымды бастамалар да жетерлік. Мәселен, күннен электр энергиясын өндіру бойынша қосалқы станция құрылысы. Әзірге Ресейде жүзеге асады. Қазақстанда салу мәселесі пысықталып жатыр.

Тұрақтылық пен ұдайы дамуды мақсат еткен өндіріс орны әлемдік DJSI рейтингінде де үздіктер қатарында. Ал қазан айында Париж келісімі аясында SBT-i қауымдастығына мүшелікке өтуі компанияның беделін арттыра түсті. Сондай-ақ бағалы металл өндіру бойынша да ESG рейтингінде жоғары көрсеткішке ие.

Авторы: Назерке Тоқжан