Қостанайдың Раздольное елді мекенін орталық су жүйесіне қосты

Қостанай облысында орталық су жүйесіне қосылған елді-мекендер саны артып келеді. Бүгін олардың қатарына Науырзым ауданындағы Раздольное ауылы қосылды. Құдықтың ащы суын ішіп келген тұрғындар енді өркениет игілігіне қол жеткізіп отыр.

Гүлбике Батырғалиева Раздольное ауылында 20 жылдан бері тұрады. Көп балалы ана. Үйелмелі-сүйелмелі алты баланың кір-қоңын жуып, тамағын әзірлеуге қажетті суды қысы-жазы құдықтан тасу оңай шаруа емес. Оның үстіне бұл маңайдағы жер асты сулары да ащылау. Енді міне бүгін үйіне су кіріп, қуанышында шек жоқ.

Гүлбике Батырғалиева, Раздольное ауылының тұрғыны:

- Жағдайымыз казір қаладағыдай болып тұр. Дәл қаладағыдай болмаса да жақындап тұрмыз. Енді бара-бара үйге қаладағыдай ванна орнатып алу ойымызда бар. Машинка қою ойымызда бар. Енді оның барлығы орындалады деп ойлаймын.

Екі жүздей үй түтін түтетіп отырған Раздольный ауылына орталықтандырылған су жүйесін тарту былтыр басталған еді. Осы аралықта 16 шақырым құбыр тартылыпты. Ауылдан шеткірек жерде 200 текше метрлік қоймасымен су сорғыш станциясы салынды. Бұл жобаға барлығы 329 миллион тенге жұмсалған.

Ереке Алдажұманов, Науырзым аудандық мәслихат депутаты:

- Су сапасы қазір өте жақсы. Мына жерде екі скважина қазылды. Осы екі судың скажинасы мынау резервуарға толтырады да су мұнарасына көтеріліп, сосын ауылға жеткізіледі. Оның үстіне бактериологиялық су тазартқыш. Ол екі су тазартқыш орнатылған.

Науырзым ауданында 9 селолық округ бар. Халықтың басым бөлігі, нақты айтсақ 80 проценті төрт елді мекенде шоғырланған. Олардың барлығы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген.

Қойшыбай Иманмағзұмов, Науырзым аудандық құрылыс және сәулет бөлімінің басшысы:

- Сондай-ақ биыл Дәмді, Өлеңді, Мереке ауылдарына су тарту пункттері қойылды. Ал енді келесі жылға Шилі мен Қожа ауылдарына су тарту пункттері қойылады. 

Ал облыс бойынша ауыл тұрғындарының 75 проценті орталықтандырылыған су жүйесіне қосылған. Биыл 45 жобаға 15 миллиард тенгеден астам қаржы жұмсалыпты. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын тауып, 2025 жылдың соңына дейін өңірдегі барлық ауылдар сапалы таза ауыз сумен қамтылмақ.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг