Оралда ел егемендігінің 30 жылдығы аясында жастар форумы өтті

Оралда ел егемендігінің 30 жылдығы аясында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты жастар форумы өтті. Мақсат әлеуметтік белсенді, әрі еңбекқор жастарды көтермелеп, қызықты жобасы бар дарындыларды қолдау. Тәуелсіздік жылдарында өсіп өнген ұрпақ жетістігі туралы жұртқа жария ету. Форум аясында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен және БҚО бойынша «Болашақ» қауымдастығы ұйымдастырған «Жыл үздігі-2021» атты аймақ жастарының сыйлығы табысталды.

Жыл үздіктері анықталатын бұл байқау 2008 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Мақсат – қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген, сондай-ақ өз қызмет саласында кәсіби шеберлігімен ерекшеленген жастарды қолдау.

Ғали Есқалиев, облыс әкімі:

- «Дипломмен ауылға!» деген Елбасының тағы бір бағдарламасы бар. Биылдың өзінде 500-ден астам жастар 400 миллион теңгеден астам көтерме жәрдемақы алды. 400-ден аса балаларымыз 1 миллиард 800 миллион теңгеге жуық осы үйді сатып алу үшін жеңілдікпен несие 15 жылға дейін несие алды. Ол да мемлекеттің жақсы көмегі деп айтуға болады. 

Өңірдегі жастардың саны 125 мыңдай. 40 мыңнан аса жас жоғары және арнаулы оқу орындарында білім алып жүр. Солардың бірі Мағжан Смағұл «Үздік студент» аталымының жеңімпазы атанды.

Мағжан Смағұл, «Үздік студент» аталымының жеңімпазы:

- Бұл біріншіден менің университетімнің және сонда білім беретін оқытушыларымның маған білім берген арқасы және артқан сенімінің арқасы деп білемін. Бұл марапат әр студент үшін үздік деген студент аталым өзінің өмірінде алға жетелеуде маңызды стимул деп білемін. 

Шара барысында «Үздік жас спортшы», «Үздік жас журналист», «Үздік волонтер», «Үздік жас ұстаз», «Үздік жас дәрігер», «Үздік жас кәсіпкер» сынды 12 аталым иелері марапатталды. Жеңімпаздарға «Жыл үздігі-2021» статуэткасы мен 100 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды.

Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов