Балаңыз сөйлей ме?

Бала екі жаста 200 сөз білуі керек. Ал бұл уақытқа дейін сөйлемесе қиындық бар. Ата-ана мамандардың көмегіне кеш жүгінбегені жөн. Дефектологтар баланы сөйлетуді неғұрлым тезірек қолға алса, соғұрлым жақсы нәтижеге қол жеткізуге болатынын айтады.

Әйгерім Ахмадованың баласының тілі кеш шығыпты. Екі жастан асса да, сөйлемеген соң алаңдап, неврапотологтардың көмегіне жүгінген. Алайда дәрігерлер дәрі-дәрмек беруден әрі аспапты. Нәтиже жоқ. Араға бір жыл салып, баласын дефектолог маманға қаратқан. Осыдан кейін бүлдіршіннің тілі шыға бастапты. Сондықтан жас ана осындай балалар болса, ертерек қамдануға кеңес береді.

Әйгерім Ахмадова, қала тұрғыны:

– Біз баламыз 3-ке толғанда барып, арнайы мамандардың көмегіне жүгіндік. Оған дейін невропатологтың айтуы бойынша ем жасадық. Бірақ одан ешқандай нәтиже шықпады. Ал туыстарымыз болса, ұл баланың тілі кеш шығады, 4-5 жасында сөйлеп кетеді деп жұбатты. Бірақ соған қарамастан баламыз 3 жасқа толғанда  дефектолог маманға көрсеттік. Қазір күнделікті жаттығулар өз жемісін беріп келеді.

10 жылдан астам уақыт аутист балалармен жұмыс істеп келе жатқан Ернар Үмбетжанов баланы емдеуді ерте бастан қолға алу қажет деп санайды. Екіге толған сәби сөйлеуге асықпаса, ата-ана алдымен білікті неврапотологқа қарату керек. Содан соң дефектологтың көмегіне жүгінген жөн. Кешенді жұмыс қана аутимзнің алдын алуға ықпал етеді.

Ернар Үмбетжанов, дефектолог, маман:

– Неврологиялық мекемелерде жұмыс істедім. Соның бәрін жинап келе мен қазір аутизм диагнозымен жұмыс істеймін. Оның бастысы эйбиэй терапия дейді. Баланың қызығушылығына сүйене отырып, соған сәйкес жұмыс жасайсың. Балаға кешенді түрде психолог пен логопед, дефектолог, лфк, остеопат сияқты мамандармен кешенді жұмыс жасау өте күшті көмек береді.

Бала тілінің кешеуілдеп шығуына, босану кезінде сөйлеу мүшелерінің зақымдануы да себеп болады, - дейді мамандар. Ондай кезде бүлдіршіндерді емдеуге остеопаттардың да көмегі тиіп жатады. Бірақ білікті маман болмаса, ем-домның кері әсері болуы әбден мүмкін. Бұл мәселе төңірегінде 30 жылдай медицина саласында қызмет еткен невропатолог Разаул Мұханбетжанқызымен сұхбаттастық. Білікті маман 2008 жылдан бері остеопатия ғылымымен айналыса бастаған. Санкт-Петербургта білімін шыңдап, Еуропаның остеопат-докторы атағын алған.

Разаул Мұханбетжанқызы, дәрігер-невропатолог:

– Сөйлеу қабілетінің тежелуіне қарқынды немесе ұзаққа созылған босану жайттары да әсер етеді. Ол кезде бас сүйекке зақым келеді. Көбіне шүйде сүйегі зардап шегеді. Сол кезде сөйлеу жүйке жүйесі қысылып, сөйлеу қабілетінің тежелуіне алып келуі мүмкін. Біз дәрігерлермен бірлесіп науқастың өмір сапасын арттыруды көздейміз.

Остеопат болып науқасты емдеу үшін міндетті түрде медициналық білім қажет. Онсыз ем-дом шараларын жүргізу мүмкін емес, –дейді мамандар.

Ұлыбритания, АҚШ сынды мемлекеттерде остеопатия ғылымы өткен ғасырда дами бастады. Ал Нұр-Сұлтан қаласында бұл мамандық 2010 жылдан бастап мойындалды. Содан бері елімізде остеопаттардың саны артып келеді. Тіпті, әлеуметтік желілерде осындай қызмет түрін көрсететін орталықтар жеткілікті. Бірақ артық қыламын деп тыртық қылып алмас үшін алдымен маманның біліктілігіне көз жеткізіп алған абзал. Оны Қазақстан остеопаттарының бірыңғай реестрінен анықтай аласыз. Бұл тізім әрбір тұрғын үшін қолжетімді.

Назерке Әбдірахманқызы