Ақмола облысында ауылшаруашылық өнімдерінің өндірісі едәуір өскен

Ақмола облысында ауылшаруашылық өнімдерінің өндірісі едәуір өскен

Тәуелсіздік жылдары  Ақмола облысында ауылшаруашылық өнімдерінің өндірісі бірнеше есе өсті. Мәселен, тоқсаныншы жылдардың басында аймақ шаруалары небәрі 10 млн теңгенің өнімін өндірсе, қазір бұл көрсеткіш 700 млрд теңгеге жуықтады. Жалпы 30 жылда өңірдің аграрлық саласында қандай оң өзгерістер болды?

Ауыл шаруашылығы саласында 40 жылдық тәжірибесі бар Сергей Чепурной, зейнет жасында болса да әлі күнге дейін кәсіптен қол үзген емес. Оған себеп, «егін және малмен айналысам» деген адамға қолдау бар. «90-шы жылдары біз субсидия дегеннің не екенін білмейтінбіз. Ал қазір бұл қалыпты дүниеге айналды. Өнімділік те еселеп өсті», – дейді, ол.

Сергей Чепурной, шаруа қожалығының жетекшісі:

– Ол кезде сауынды сиырлар табын-табын болса да, алынатын өнім ары кетсе 20 тонна болатын. Ал қазір мұндай көлемдегі сүтті мыңдаған ірі қара ұстамай-ақ, саны одан бірнеше есе аз асылтұқымды сиырлардан алуға болады. Бұл, біз үшін өте тиімді.

Тың технологиялардың тиімділігі мен оның берер өнімділігін көрген шаруалар, қазір салаға миллиондап емес миллиардтап қаржы құятын болған. Мәселен, соңғы 10 жылдың өзінде инвестиция көлемі 5 есеге көбейіп, 90 млрд теңгеге жеткен. Нәтижесінде өнім өңдейтін жаңа зауыт-фабрикалар мен мал және құс өсіретін шаруашылықтар пайда болып, олардың техникалары жаңартылды.

Қасым Итқұсов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Соңғы 20 жылдың ішінде фермерлеріміз 5900 дана трактор, тағы 6 мыңнан астам өнімділігі жоғары комбайн сатып алды. Ал жаңа техникалар егінді жинау мерзімін екі есеге қысқартуға мүмкіндік берді. Мәселен, бұрын жиын-терім науқаны 1,5-2 айға дейін созылатын. Ал қазір астықты әрі кетсе 20-25 күннің ішінде қамбаға құйып аламыз.

Егіннің түсімі де бірнеше есеге көбейіпті. Мәселен, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары аймақ шаруалары 1 гектардан 4-5 центнер ғана өнім алса, қазір астық 12 центнерден кем жиналмайды. Тіпті, 30-дан асырып, рекорд жасап жүргендер де бар. Ал саланы одан әрі дамыту үшін ауыл шаруашылығымен айналысатындарды қағазбастылықтан арылтып, әкімшілік кедергілерді болдырмау қажет. Сондай-ақ мемлекеттік көмекке қол жеткізуді мейлінше жеңілдету керек, - дейді, тәжірибелі фермерлер.

Сергей Чепурной, шаруа қожалығының жетекшісі:

– Мәселен, шаруа, трактор сатып алды делік. Ол техниканы халыққа қызмет көрсету орталығында өз қожалығының атына тіркейді. Яғни, оның жаңа трактор алғаны жайлы мәлімет базаға енгізілді. Осы ақпараттың негізінде басқарма сол шаруашылықтың есеп-шотына субсидияны бірден аудара салса дейміз. Онсыз да көп нәрсені біле бермейтін қарапайым ауыл тұрғынын компьютер ақтарып, интернет іздеуге мәжбүрлемесе деген тілегіміз бар.

Жалпы, Ақмола облысында қазір егін шаруашылығымен айналысатын 7 мыңға жуық, ал ата кәсіппен шұғылданатын 1 мыңнан аса серіктестік пен қожалық бар. Өңірде сондай-ақ, 14 сүт зауыты, 15 ет комбинаты мен 36 диірмен жұмыс істеп тұр. Ал аталған салада 120 мыңға жуық адам еңбек етеді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко, Виктор Полянный