Еліміздегі соттардың өз бюджеті болады

Еліміздегі соттардың өз бюджеті болады. Осы орайда сот жүйесін қаржыландырудың жаңа моделі жасалмақ.

Яғни барлық мемлекеттік органдар сынды, Жоғарғы сотқа қаржы бөлінеді. Ол мемлекеттік бюджет шығыс-тарының 6,5 процентінен кем болмауы тиіс. Қаржыны қайда, қалай жарату мәселесі судьялардың жалпы отырысында шешіледі. Оның тиімді жұмсалуын есеп комитеті бақылайды.

Жаңа ереже «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, заң жобасында жазылған. Бүгін Сенат депутаттары құжатты қабылдады.

Нұрлан Бекназаров, ҚР Парламент Сенатының депутаты:

– Жасыратыны жоқ, соттардың инфрақұрылымын нығайту мен дамыту, судьяларды әлеуметтік қамтамасыз ету және басқа да қаржылық мәселелері көп жағдайда атқарушы биліктің қабылдаған шешімдеріне тәуелді. Сот жүйесінде ең бастысы оның тәуелсіздігі дей тұра аудандық, қалалық, облыстық деңгейдегі сот төрағаларының 50-60 жыл бұрын салынған ескі ғимараттарды күтіп ұстау үшін жергілікті әкімдіктерден көмек сұрайтын жағдайлар жиі кездеседі. Бұл соттарды атқарушы билікке тәуелділік жағдайын тудырады. және сыбайлас жемқорлық көріністеріне ықпал етуі мүмкін. Өз кезегінде бұл азаматтардың құқықтарын қорғау сапасына және сот жүйесінің рейтингтеріне кері әсерін тигізеді. Сондықтан қаржы бөлуде нақты пайызды белгілей отырып, сот жүйесін қаржыландырудың тәуелсіз моделі ұсынылып отыр.