Шымкентте ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі екі есеге артады

Шымкентте алдағы бес жылда ауылшаруашылық өнім көлемін екі есеге арттыру көзделіп отыр. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов Орталық комуникациялар қызметіндегі брифингте мәлімдеді.

Ол үшін өңірде екі агроиндустриялды аймақ ашылады. Оның бірі ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдеуге бағытталған «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы. Қазір оның инженерлік-инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы басталған. Мұнда құны 23 млрд теңге болатын 1 810 жұмыс орны мен 21 жоба іске асады. Сондай ақ 198 гектар аумақты алатын заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешендері құрылатын болады. Мұнда 8,2 млрд теңгеге 241 жұмыс орны мен 6 жоба іске асады, – деді мегаполис басшысы. Айтуынша, Шымкент қаласында ауылшаруашылығы өндірушілері, өз өнімдерін көтерме бағамен өткізу мақсатында бір көтерме-тарату орталығы салынады.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі:

 – Бізде 116 мыңдай жеріміз бар. Нәтижесінде игерілмеген жерді ауылшаруашылығы саласына беріп жатырмыз. Биылғы жылы бюджеттен жем-шөп шығындарын арзандатуға 248 млн теңге қаржы бөлінді. Биыл біз үлкен қиыншылық көрген жоқпын. Биылғы жылы өткен жылмен салыстырғанда 41 пайызға өсіп отырмыз.