«Aluminium of Kazakhstan» «Іскер» сыйлығын алды

Президенттің  «Алтын Сапа»  сыйлығының «Іскер» номинациясын биыл  «ALUMINIUM OF KAZAKHSTAN» кәсіпорны жеңіл алды. Зауыт алюминий профильдерін шығарады. Өндіріс орны соңғы үлгідегі технологиялармен жарақталған. Ал өнімдеріне алыс-жақын шетелдерде қызығушылық жоғары.

Aluminium of Kazakhstan – алюминий профильдерін өндіру ісінде елдегі жетекші ұйым. Кәсіпорын Алматы облысында ашылған. Алайда өнімдері ішкі ғана емес, алыс-жақын шет елдердің нарығына шыға бастады. Бұл жұмысшылардың төккен тері мен жүйелі даму жоспарының арқасы, дейді мамандар.  Ал биыл зауыт «Іскер» сыйлығына лайық деп танылды.

Нұрсұлтан Жұмабек, «ALUMINIUM OF KAZAKHSTAN» ЖШС бас директоры:

–  Биыл біз үшін табысты жыл болды. Сауда-саттық екі есе артып, өндіріс көлемі бір жарым есе ұлғайды. Ал өнімдеріміз Еуропалық одақ елдері нарығына жол тартты. Мұның өзі біз үшін үлкен жетістік.

Бүгінде экспорт үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 35 процентіне жеткен. Әсіресе, Украина, Өзбекстан, Әзербайжан мен Ресейде сұраныс жоғары. Үздіксіз дамуды көздеген ұжым шығарылатын тауар түрлерін арттыруға ден қойды. Соның ішінде терезе, есік, витраждар мен сәулеттік профильдерді жасауды қолға ала бастады.

Нұрсұлтан Жұмабек, «ALUMINIUM OF KAZAKHSTAN» ЖШС бас директоры:

–  Менің ойымша, біз өз ісімді шын ықыласпен атқарамыз және қай жағынан да мықты ұжым бар. Біз тек сапалы тауар өндіргіміз келеді.  Ол тек өз елімізде ғана емес, шетелдерде де бәсекеге қабілетті болуы керек. Біз үшін «Іскер» сыйлығын алу үлкен мәртебе. Бұл марапат кәсібімізді одан әрі жетілдіруге күш береді. Келешекте «Алтын сапа» сыйлығыны жеңіп алуға барымызды саламыз.

Айта кетейік, «Іскер» сыйлығы «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары»республикалық байқау-көрмесі аясында табысталады. Жоспары айқын, мақсаты биік ұжым мұнымен тоқтап қалмақ емес. Компания алдағы меже бұдан ауқымды боларына сенеді.

Назерке Тоқжан