Түркістан - Шымкент - Ташкент бағытында теміржол салынады

2022 жылы «Түркістан-Шымкент-Ташкент» бағытында жоғары жылдамдықты пойызға арналған халықаралық теміржолдың құрылысы басталады, деп хабарлайды Оtyrar.kz.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев теміржолдың салынуы өңірдің ғана емес, еліміздің дамуына оң серпін беретінін жеткізді. «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшылығының хабарлауынша, құрылыс Түркістаннан басталып, Шымкент қаласымен қатар Ордабасы, Қазығұрт, Сарыағаш аудандарын қамтиды.

Жоғары жылдамдықты теміржол магистралінің құрылысы аяқталған соң туризм және өзге де салаларда мыңдаған жұмыс орны құрылып, ішкі және сыртқы туризм де қатар дамымақ. Сондай-ақ осы жоба арқылы бауырлас екі елдің арасындағы байланыс нығайып, барыс-келіс көбейеді.