Маңғыстау облысында шаңды дауыл тыйылмай тұр

Маңғыстау жақта екі күннен бері шаңды дауыл басылмай, өңірдің батысы мен орталығында құм аралас қатты желден жол көрінбей қалды, деп хабарлайды Хабар 24.

Көлік жүргізушілері әлеуметтік желіде жолда түсірілген видеолармен бөлісіп жатыр. Бұған дейін тұрғындар біраз талқылаған пластмасса қызғалдақтар да желдің екпініне төтеп бере алмай, қирап қалды.

Облыстық төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, өңірдегі барлық тас жолдар ашық, төтенше жағдай жарияланған жоқ.

Айта кетейік, кеше ауа райының қолайсыздығы туралы тұрғындарға ақпарат жолданған. Онда жел жылдамдығы секундына 15-20 метрге жететіні айтылған.

Нұржан Борашев, облыстық төтенше жағдай департаменті басқармасының бастығы:

– Қала аумағында шаңды дауыл және қатты жел соғады. Облыс тұрғындары мен қала тұрғындарына және жүргізушілерге айтарымыз, қатты жел болған кезде автокөліктерді ағаштардың астынан әрірек ұстаған жөн болады және қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтаған жөн. Себебі көптеген ғимарат шатырлары ұшып, сондай жағдай тіркелуі мүмкін.