«Ұлытау» ұлттық паркі туристер орталығына айналмақ

Жаңадан құрылған «Ұлытау» ұлттық паркі туристер орталығына айналмақ.

Аумағы 60 мың гектар болатын парк Қарағанды облысында орналасқан. Ірі жобаның мақсаты – ерекше экологиялық және ғылыми құндылығы бар, биологиялық және ландшафттық әртүрлілікті сақтау. Мамандардың айтуынша, таулы-орманды аумақта 600-ден астам сирек кездесетін өсімдік түрлерін, әсіресе дәрілік өсімдіктерді кездестіруге болады. Аумақта Қазақстанның Қызыл кітабына енген бүркіт, дала қыраны сияқты жыртқыш құстар да мекендейді. Сонымен қатар көптеген тарихи және археологиялық ескерткіштерге бай.

Сергей Скляренко, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы қолданбалы биология орталығының директоры:

– Ұлттық паркті құру идеясы 2009 жылы айтылған. БҰҰ Даму бағдарламасы, дала жобасы аясындағы экспедиция кезінде осы аумақтың тек тарихи-мәдени құндылығын ғана емес, сонымен қатар табиғатын қорғау туралы бастама болған. Неге ол ұлттық саябақ, неге қорық емес? Себебі қорықтар туризмді дамытуға мүмкіндік бермейді. Ал «Ұлытау» аумағында туризм қарқын алатыны сөзсіз. Бұл жер арқардың көбеюін қалпына келтіру үшін өте қолайлы. Қазір ол жерде арқар жоқ. Бірақ бұрын болған. Ал егер арнайы жұмыс ұйымдастырылса, оны қалпына келтіруге болады.