ШҚО жолдары мұз айдынына айналды

Өскеменде жолдарды мұз басып, тайып құлағандар көбейді, деп хабарлайды Хабар 24.

Кейінгі 3 күнде жарақат алған 150 адам медициналық көмекке жүгінген. Күре жолдардағы жағдай да мәз емес. Жол сапасын бақылайтын мамандар тексеру жүргізіп жатыр. Трассалардың мұз басқан участектеріне құм себіліп, қауіпсіздік қамы жасалмаған.

Қалалық ауруханадағы травматологиялық  бөлімде қазір қарбалас. Дәрігер Рафаэль Гафуровтың айтуынша, тайғақта құлап түрлі жарақат алғандар көбейген. Күніне ондаған адам келеді. Әсіресе осы аптада зардап шеккендер қатары артқан. 

Рафаэль Гафуров, дәрігер-травматолог:

– Соңғы үш күнде 149 адам келді. Барлығы да қала көшелерінде құлап жарақат аған. Олардың төртеуі операцияға жіберілді. Бұдан бөлек тағы 7 адам стационарда ем қабылдауда.

Қаланы мұз басатындай жөні бар. Алдымен жаңбыр жауса, соңынан қар жауып, енді аяз күшейді. Сондықтан қанша жанталасқанмен жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге  коммуналдық кызметтің шамасы жетпей жатыр. Республикалық трассалардағы жағдай да қиындаған. 

Жол сапасын бақылаушылар қыс басталғалы 13 рет рейд ұйымдастырыпты. Қар тазаланып, құм себіліп, жолдың жолаушыларға қаншалықты қолайлы екендігін тексерді. Алайда көп жерде тиісті шаралар жүргізілмеген.

Саяхат Мұсапыров, ШҚО жол актвитері ұлтты сапа орталығының инженері:

– Жол шетіндегі қар тазаланбаған, тайғаққа қарсы материал себілмеген. Қозғалысқа әсер ететін кемшіліктер бойынша 3 хат жолдаға болатынбыз әкімшілік полицияға олардың тарапынан әкімшілік коденкстің 631 бабы 1 тармағы бойынша бүгінгі таңда 90 АЕК айыппұл салынды.

Әсіресе Риддер қаласы мен Шемонайха, Қатонқарағай аудандарына апаратын күре жолдардың мұз қатқан тұстары көп. Осыған орай жолға қызмет көрсететін мекемелерге 40 ескерту жасалған.

Авторлары: Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов