loader


Ана үйі панасыз әйелдерді қолдайды

Елімізде балалар үйінің саны азайып жатыр. 2000 жылдармен салыстырғанда қазір жетімдер үйі шамамен 4 есе қысқарды, деп хабарлайды Хабар 24.

Қазір Қазақстанда 20 балалар үйі қалды. Оларда 4 мыңнан астам сәби тәрбиеленіп жатыр. Бауыр етің баланы тастамауға қандай жағдай қарастырылған? Бала асырап алуға қанша адам кезекте тұр? Осы сауалдарға арна тілшісі жауап іздеді.

Бұл нәресте небәрі үш айға толды. Жақында анасы одан бас тартып, тастап кетпек болған. Кейін осы Ана үйін тапқан соң райынан қайтыпты. Қазір өмірімді баласыз елестете алмаймын дейді. Осылайша бір сәби ананың аялы алақанында әлдиге бөленді. Ана үйі 2013 жылы құрылған. Осы уақыт аралығында 5000-нан астам қыз-келіншек осы жерді паналады. Жақыны өзектен тепкенде баласынан бас тартуға дайын болған аналарға бұл жерде психологиялық көмек көрсетіледі. Баланың анасыз қалмауына жағдай жасалады.

– Баладан бас тартамын деп ойладым. Балалар үйіне өткізем деп. Босанғаннан кейін ойым өзгере бастады. Баланы көргеннен кейін әрбір адамның ойы өзгереді ғой. Ауылдан үлкен баламды алып келдім. Қазір екі балам да жанымда.

– Бұл жерде жағдай қалай?

– Жағдайым өте керемет. Көмектеседі. Қолдау көрсетеді.

– Қандай көмек көрсетіледі?

– Уайымдама, аяққа тұрып кетесің деп айтады.

– Алдағы уақытқа қандай жоспарыңыз бар? Бұл жерде 6 ай ғана тұрасыз. Оның жарты уақыты өтті.

– Иә, екі баламды бақшаға беріп, өзім жұмыс істеймін.

Аяқты шалыс басқанға да бір мүмкіндік берілу керек. Екі ойлы болып, Ана үйіне келген әр келіншектің бойында балаға деген махаббатты оятуға, мұндағы мамандар барын салады. Ілкімді іс жемісін беріп те жатыр. Осы жоба аясында көптеген сәби жетімдер үйінің босағасынан босап, ананың ыстық құшағына кірді.

Анар Рахымбаева, Ана үйі қорының атқарушы директоры:

– Алдымен қыздарымызға түсіндіру жұмысын жүргізу керек. Аналар өз қыздарымен көп сырласу керек деп ойлаймын. Отбасында диалог орнауы қажет. Кейіннен өз балаңызды өзекке теуіп, сыртқа қуып жібергенмен мәселе шешілмейді. Ата-ана дер кезінде тәрбие бермесе, одан болған нәтижемен қыз баласын қалдыруға болмайды. Далада қалған ана әрине баласынан бас тартуды ойлайды.

Иә, ешқандай ана безбүйрек болуды қаламайды. Тағдыр теперішіне тап болып, жаны қысылғанда ішін жарып шыққан сәбиін қоярға жер таппай қиналуы мүмкін. Адасып, абдырап қалған жас аналарды демеп, дұрыс бағыт беру мақсатында құрылған бұл шаңырақ әр келіншектің баласына бауыр басуына алты ай қарайласады. Осы аралықта аналарды тоқу, киім тігу секілді түрлі кәсіпке бейімдейді. Ақыры жұмысқа орналасып, өмірден өз еншісін алуға жағдай жасайды.

Сондай-ақ...