Манижа: Зорлық көрген әйелдерді қолдау керек

Алматыға «Eurovision 2021» финалисі, Біріккен ұлттар ұйымының Босқындар ісі жөніндегі агенттігінің волонтері Манижа Сангин келді, деп хабарлайды Хабар 24.

Әнші бұл жолы ән салуға емес, әйел құқы туралы мәселе көтере келіпті. Ол БҰҰ босқындар құқын қорғап жүрген Ресейдегі алғашқы ерікті. Жыл сайын БҰҰ қолдауымен 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-әрекеттердің 16 күндігі өтеді. Бұл коалицияға биыл Қазақстан да қосылды. «Әйел құқын қорғауда, зорлық көрген қыз-келіншекті қайта оңалтуда Орталық Азия елдерінің тәжірибесімен танысқымыз келеді. Сондықтан Қазақтан – біз үшін маңызды ел», - дейді Манижа. Осы күзде әнші қиын жағдайға тап болған адамдарды қолдау және қорғау үшін SILSILA деп аталатын қор құрған болатын.

Манижа Сангин, әнші, БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі агенттіктің волонтері:

– Зорлық көрген әйелдерді қолдау керек. Бізге көмек сұрап хабарласқан кезде әуелі жәбір көрген адамның жағдайын саралаймыз. Оған психологиялық көмек керек пе, әлде бірден медициналық көмек керек шығар – соны анықтаймыз. Сосын дереу көмекке ұмтыламыз. Кейде: «Анама қалай көмектесем?»,-деп жасөспірім қыздар да хабарласады. Әр зардап шеккен әйелдің жанында ол жайлы ақпарат жинап, оған көмектесіп, ассисенті болып бір волонтер жүреді.