Кәсіпкер Н. Смағұлов қоры Алматыдағы жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілеріне пәтер сыйлады   

Алматыда жасөспірімдер үйінің балалары екі бірдей қоныс тойын тойлады, деп хабарлайды Хабар 24.

Жайлы баспананы оларға елдегі белгілі кәсіпкерлердің бірі сатып алып берген. Бұған қоса керек жарағымен жабдықтап жас тұрғындарға оқуға қажетті құралдар сыйлады.

Алматыдағы жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілері жаңа қонысқа кірді. Мұнда олар тәрбиешілермен бірге  өз үйіндегідей өмір сүріп, білімін жалғастырады. 

Вагиб Вихров, студент:

– Қаржы мамандығында бірінші курс, универді бітіргеннен кейін ары қарай сол мамандықпен жұмысқа тұрғым келеді. Өскенде Америкаға ұшқым келеді. Сол жақта кішкене тұрып, бірақ Қазақстанға қайтып келем.

Айгүл Усубалиева, тәрбиеші:

– Жетістікке жеткен балаларымыз өте көп. Шет елде оқып жүргендер бар. Алды отбасын құрып бала шағалы болды. Мереке сайын хабарласып, құттықтап тұрады.

Осындай арманшыл жастарға Нұрлан Смағұлов қоры құны 128 миллион теңге болатын 2 пәтер сыйлады. Әрқайсында 10 адамнан тұрады. Бұған қоса жасөспірімдердің оқуына керек-жарақпен қамтып, лэптоп сыйлады. Ал пәтердің сәндік үлгісін жасап, жиһаз алуға «SOS балалар ауылы» қоры 60 миллион теңге берді.

Айдын Сұлтанов, н. Смағұлов қорының директоры:

– Бұл пәтер жалпы көлемі 300 шаршы метрдей. Өте ыңғайлы, қолайлы деп есептейміз. Болашақта осы жасөспірімдерге үлкен көмек болады деп ойлаймыз.

Пәтер қаланың қақ ортасында орналасқан. Метро станциясы мен саябақтар таяқ тастам жерде. Бұл аудан жасөспірімдердің сабаққа барып-келуіне және бос уақытында табиғат аясында спортпен шұғылданып, серуендеуі үшін арнайы таңдалды.

Авторы: Талғатбек Әбдіқожа